Саланы ұсақ шаруашылық құрылымдары тежеп отыр - маман

16 Мамыр 2023, 10:31
1796
Бөлісу:
Саланы ұсақ шаруашылық құрылымдары тежеп отыр - маман
Фото: автордан

Сала экспертінің айтуынша, Түркістан облысында ауыл шаруашылығының дамуына негізгі кедергілер – ұсақ шаруашылық құрылымдары мен өңірімізде жері аз ұсақ шаруашылықтар, деп хабарлайды осы аймақтың BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Өздеріңіз білесіздер, Түркістан халық саны тығыз, шағын кәсіпке бейім әрі шаруа қожалықтары көп өңір. Сол себепті, облыста ауылшаруашылығы саласында қордаланған мәселелердің жиі екендігі даусыз. Осы ретте біз аталған саланың дамуына қандай жағдайлар кедергі келтіруде, инновациялық агротехнологияларды қаншалықты енгізе алып жатыр, суармалы жерлердің ахуалы нешік? Осы және басқа да сауалдар төңірегінде біз облыстық кәсіпкерлер палатасының ауылшаруашылық кешені бөлімінің маманы Нұрлыбек Боранбаевпен сұхбаттасқан болатынбыз. Сала маманы аймақта инновациялық агротехнологияларды енгізу мен инвестиция тарту барысын қауқарсыз деп есептейді.

– Нұрлыбек Нұрманұлы, ауылшаруашылығына қатысты Түркістан өңірінде қандай проблемалар бар?

– Түркістан облысының биыл өз алдына бөлек облыс болып шыққанына бес жыл толады. Бұл тұрғыдан келгенде инфрақұрылымы енді-енді жолға қойылып келе жатқан өте жас өңір болып саналады. Сондықтан өңірдің барлық саласында шешімін табуы тиіс мәселелер мен соңына дейін жеткізілуі тиіс бастамалар көп. Оның ішінде, ауыл шаруашылығындағы мәселелерге тоқталар болсақ, аймақта агротехнология талаптары орындала бермейді, агрокешен саласында білікті кадрлар жетіспей жатады, тұқым шаруашылықтары жойылып кетудің алдында шақ тұр, сапалы тұқым жеткіліксіз, тіпті болмаған десем де артық айтқандығым емес. Ал оңтүстік ақ алтынымен әйгілі өңір болғандықтан, мақта маңайында да даулы мәселелер жетерлік. Мақта өсіретін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің (АШТӨ) техникамен жабдықталуы өте нашар, мақтаны өндірудегі кластерлік жүйе мен технологиялар трансферті де қалыптаспаған. Одан бөлек, қазір аймақта жердің де құнары төмендеп барады, осы ретте ауыспалы егіс жүйесі де дұрыс сақталып отырған жоқ, өйткені көптеген дақылдар бір танапқа монодақыл ретінде өсіріліп келеді. Егістік сусыз өспейтіні анық, оған суармалы ағын су жеткіліксіз. Бұған біздің облыста осы мәселенің шешімін табу үшін суаруда иновациялық қорды үнемдеу технологияларын қолданып жатқан жоқ. Салдарынан суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайы төмендеп кетті. Ол аздай көлденең және тік ұңғымалар істен шығып, жүйелі қолданбағандықтан суармалы жерлер сортаңданып барады. Соның кесірінен кейбір суармалы жерлер айналымнан шығып, тастанды танаптардың үлесі артып кетті. Дренаж жүйелері де істен шыққан, жерасты сулары жер бетіне шығып босқа ысырап болуда. Егістік алқаптарда зиянкестер еселеп көбейді, карантиндік өсімдіктер, арамшөптер егіс алқаптарын басып кетті. Ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша қазіргі таңда кәсіпорындар мен көкөніс қоймалары да жетіспейді. Міне, осындай қордаланған мәселелер шаш-етектен.

– Айтпақшы, облыста қанша көкөніс қоймасы бар?

Қойма саны 37, сыйымдылығы 79480 тонна.

– Тұқым шаруашылықтары жойылып кетті дедіңіз? Ол қандай тұқымдықтар, айта аласыз ба?

Мақта тұқымының сапасыздығы. Бұрын 2000-шы жылдан бастап осы мәселе жоғары деңгейде көтеріліп, мақтаның өнімділігі мен тұқымдық шиттің сапасын арттыру мақсатында 2009 жылы арнайы сапалы тұқым дайындайтын зауыт продкорпорация компаниясының құрамында «Қазақстан мақтасы» АҚ құрылған еді. Жылдық қуаттылығы бес мың тонна сапалы тұқым дайындайды. Ол халықаралық стандартқа сай шиттердің түгін химиялық тәсілмен түсіретін соңғы үлгідегі зауыт болатын. Бірақ ол небары екі-үш жыл жұмыс істеді де, тоқтап қалды. Қазірге дейін белгісіз себептерге байланысты жұмыс істемей тұр. Осы зауытты мүмкіндік болса іске қосу керек. Барлық тұқым шаруашылықтары тұқымдық шитке арналған мақтасын осы зауытқа өткізіп, сапалы тұқымдық шит дайындауға міндеттеу қажет. Егер де «Қазақстан мақтасы» АҚ іске қосылса, тұқым шаруашылықтарын сол зауытқа өткізуге міндеттеуді дұрыс деп ойлаймын. Әрине, агроқұрылымдарды сапалы тұқыммен қамтамасыз ету, агроқұрылымдардан жиналған жоғарғы репродукциялы шитті мақта тұқымын арнайы бунтта жинауға маңыз беру керек. Бүгінгі таңда мақта шаруашылығында жер жырту, сор шаю, агротехникалар мерзімінде жүргізілмейді, сапалы тұқымның тапшылығы, егіс алқаптарының мелиоративтік жағдайы төмен, ауыспалы егіс әдісі сақталмайды, мақта талшығының шығымы мен сапасының төмендігі өзекті мәселеге айналды. Біздің ойымызша, осы ретте бірнеше жылға арналған аймақтық «Мақта саласын дамыту» бағдарламасын қабылдау қажет. Өйткені, мақта өнеркәсібі мен тоқыма кластерін дамыту барысында мемлекеттік қолдау шараларын енгізіп, ірі мақта өңдеу зауыттарының жанынан мақта талшығын терең өңдеу цехтарын, фабрикаларын құруға мүмкіндігі ашылып, иірім жіп, трикотаж, басқа дайын бұйымдарын шығаруды жолға қойса, өңірдегі жеңіл өнеркәсіп саласының дамуын арттыра түсер еді.

– Нұрлыбек Нұрманұлы, ал мал шаруашылығы бойынша не айтасыз, қалай дамуда?

– Аймақта мал шаруашылығын дамытуда төрт кедергі бар. Атап айтсам, өнімділігі аз мал тұқымдары өсіріледі және мал азығымен қамтамасыз ету жеткіліксіз. Сонымен қатар мал дәрігерлік жұмыстарының деңгейі өкінішке қарай айтарлықтай мәз емес, сәйкесінше шаруалар ұсақталып кетті. Ол үшін не істеу қажет? Әрине, бірінші жергілікті малдың геномдық тұқымын жақсартып, жергілікті малды асылдандыру қажет. Асыл тұқымды малдардың аталық ұрықтарын пайдаланып жергілікті малдарды қолдан ұрықтандыру дұрыс. Мәселен, басқа елдерден мал тасымалдау шығынды көп қажет етеді, сонымен бірге жерсінуі де қиын болады. Ал асыл тұқымды мал ұстаудың тиімділігі де, пайдасы да мол. Бұрынғыдай жеген шөбі мен азығын ақтамайтын сиыр малын ұстаудың заманын қоятын уақыт келді. Оның орнына шығынды көп қажет етпейтін шетелдік, отандық құнды аталық ұрықтарын пайдаланатын кез келді. Мысалы, Абердин – Ангус, Голштин, Сементал, Акбас. Бұдан бөлек, соңғы жылдары ірі агроқұрылымдардың ұсақталып кету салдарынан жүргізілетін зооветеринарлық шаралар мен мал тұқымын асылдандыру селекциялық жұмыстары да мүлдем ескерусіз қалды. Тоқ етері, мал шаруашылығы саласында жоғалып бара жатқан ірі қара малдардың (ІҚМ) генофондын сақтап, тұқымдық құрамын жақсартуды қолға алып, жергілікті малды негізге алып асылдандыру керек.

Өңірімізде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін не істеу қажет деп ойлайсыз?

– Ең бірінші, ауыл шаруашылығын дамытудағы басым бағыттарға тоқталсам, өсімдік шаруашылығын әртараптандырып, бәсекелесуде озық әрі қабілетті агротехнологиялық жүйелерді өндіріске ендірген дұрыс. Қарқынды бау шаруашылығын дамытсақ та тиімді, тамшылатып суару әдісін қолдануды кеңейте түсуден ұтылмаймыз және жылыжайларды да көбейту қажет. Оған біздің облыстың климаты өте қолайлы. Сондай-ақ, жеміс-жидек пен көкөніс қоймаларының да сыйымдылығын арттыра түсумен қатар логистиканы дамыту да абзал. Нөльдік терең қопсыту технологиясы да енгізілсе Түркістанда ауылшаруашылығы саласы айтарлықтай дами түсер еді.

– Қазіргі таңда Палатада сіздің бөлімде қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Біздің агроөнеркәсіптік кешен бөлімінде ұсынып отырған бірқатар ауқымды пилоттық жобалар бар, барлығының мақсаты облысымыздағы ауыл шаруашылығы мәселесін оңтайлы түрде шешуге бағытталған. Атап айтсақ, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің кәсібін жетілдіре түсу барысында алдынан шыққан кедергілермен күресу, оның алдын алу үшін тиімді шешім шығаруларына қажетті көмекті көрсету. Шаруаларды өз кәсібін жетік меңгеруге, білім алуға, біліктілігін шыңдауға, агротехнологияның қазіргі заманғы түрлерін меңгеріп, ауыл шаруашылығына үлес қосам дейтін шаруаларды қолдау. Олардың ісін тәжірибе ретінде көру, агросаланы жетілдіре түсу болмақ. Сонымен қатар, малдың тұқымдық құрамын да жақсарту үшін біршама жұмыстар жасалып жатыр.

Осы ретте біз «Агро-кеңес беру орталығын» аштық және түрлі дақылдарды өсіруде көп өнім алу үшін олардың технологиялық ерекшеліктерін ескердік. Сол себепті шаруаларға ашық алаңдар ашуды жөн санадық. Осы салаға маңыз беру үшін Астанаға (НАНОЦ) да бардық. Ауылшаруашылығы министрлігінің аграрлық ғылым беру орталығы біздің пилоттық жобаны қолдағандықтан, міне осы істі бастап кеттік.

Әрине жоба қолдау тапқан соң оны бастау үшін алдымен топырақты агрохимиялық сараптаудан өткізіп алдық. Республикалық топырақ зерттеу орталығының басшысы Жәнібек Ақбармен кездесіп, агрохимиялық зерттеу зертханасының қолжетімді болуын қарастырдық. Осы мақсатта зертхана ашылып, қазіргі таңда зертханада егістік жерлерден әкелінген топырақ сынамаларын зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

– Аталған жобаның жұмысты бастап кеткеніне біраз уақыт болды дедіңіз. Жоба негізінде қандай жұмыстар атқарылып жатқанына мысалдар келтіре аласыз ба?

– Әрине, мәселен Сайрам ауданы «Нұр көл» шаруашылығына қарасты базада демонстрациялық алаң құрылды. Ол алаңда егістік аймағында нөльдік терең қопсыту жер өңдеу технологиясы ендірілді. Осы арқылы өндірістік шығындар 35-40% дейін азайтылды, ол өз кезегінде топырақтың құрылымын жақсартады және қара шіріндінің (гумыс) құрамын арттыруға мүмкіндік жасайды. Себебі, мұнда егілген дақылдардың өнімділігі 30-40 пайызға дейін арта түсті. Бұл бір. Екіншіден, облыстағы Ордабасы ауданы, Рамазан агрошаруашылығы базасында да мақта өсіру бойынша демонстрациялық алаңдар ашылды. Баста айтып өткенімдей біздің пилоттық жобаларымыздың өндірістік бағыты бар. Онда ең бірінші мақта дақылын өсіруге көбірек көңіл бөлу. Бір гектар жерден алатын мақтаның көлемін арттыра түсу, химиялық тыңайтқыштарды лажы болса қолданудан бас тарту, толықтай органикалық тәсілге көшсек дейміз. Жалпы, Түркістан облысында «Мақта саласын дамытуда» көпжылдық бағдарлама әзірлеу қажет. Бұдан өзге, Отырар ауданы «Марғұлан» шаруа қожалығында да бақша дақылдары мен жүгеріні органикалық негізде өсірудің оңтайлы екеніне көз жеткіздік. Жетісай ауданындағы «Ералиев» ШҚ базасында жеміс-жидек пен жүзім, Шардара ауданында балық өсіріп отырған «Хамит» АӨК шаруашылығы мен Сауран ауданында СПК «Тұран» шаруашылықтарының барлығын кооперация тәсілімен шаруаларды біріктіру арқылы нарыққа шығаруды мақсат етіп отырмыз. Облыстағы аталған бірнеше базалық шаруашылықтардың барлығын да озық технологиялармен қамтып, өндіріске енгізсек нәтижесін көреміз. Сонымен қатар, маман кадрларды да шыңдап, оқытып, өңірдің агроқұрылымын, ауылшаруашылығы қызметін алға сүйрейтін, жандандыра түсетін жаңа жобаларды іске асыратын тетіктерді де қарастырып, жүргізуді көздеп отырмыз.

– Сорланған топырақты қалай өңдейді, ол жерден екінші рет өнім алуға бола ма?

– «Жаңа технология» бойынша сорланған топырақты игерудің бірнеше жолдары жасалынды. Кейінгі технология бойынша егіске тонналап емес, органикалық тыңайтқыштарды грамдап сумен бере аламыз. Егер топырақтың құрамында тұздың мөлшері үш пайыздан аспаса, онда топырақтағы тұзды шаймай-ақ технологияны пайдалануға болады. Сонда дақылдардың өсіп-жетілу мерзімін 7-12 күнге қысқартып, топыраққа ендіретін тыңайтқыш нормасын екі есеге азайта аламыз. Осы технологияны қолдану арқылы дақылдардың өнімділігін 15-30 пайызға көбейтуге болады. Егіншілік саласында шаруалардың агрокәсіби біліктіктерін арттыру арқылы бәсекеге қабілетті өнім өндіру. Бүгінгі таңда алдымызда үлкен жауапты міндет тұр, ол – экономиканың аграрлық секторын сапалы да жаңа даму деңгейіне көтеру, сол арқылы оның бәсекеге қабілеттілігінің жоғары болуын қамтамасыз ету.

Жұртшылықтың ойынша жылыжайдың өнімдері химикатпен өскен, денсаулыққа зиян деген пікір қалыптасып қалған? Осыған не айтасыз? Жылыжайды көбейту және олардың өнімдерін пайдалану расында денсаулыққа зиян емес пе?

– Жоқ, мен сізге керісінше айтар едім, әрбір бағбанның ең асыл арманы – жылыжайды салу. Үй жылыжайында тек қана жылдың жылы мезгілімен шектелмей, бағбандықпен жыл он екі ай айналысуға болады. Жылыжай әртүрлі көзқарас тарапынан пайдалы. Бұл демалыс және тамақтану үшін қосымша кең ғимарат. Оның үстіне, жылыжайдың болуы сіздің үйіңіздің құндылық тұрғысынан бағасын арттырады. Жақсы жылыжайда қыстыгүні күй таңдағыш өсімдіктердің өзі жеңіл өседі. Бірақ ғимаратты үздіксіз жылумен қамтамасыз ету маңызды. Себебі, жылу болмаса бір түннің ішінде барлық өсімдіктер үсіп өліп қалуы мүмкін. Сондықтан жылыжайда жылу жүйесі, судың берілуі, жарықпен қамтамасыз ету мәселелері ойластырылуы және ұйымдастырылуы, сөрелер салынуы қажет. Мұнымен де іс бітпейді. Бұдан әрі қарай сіз жылыжайды салар алдында ойлануға қажетті негізгі кезеңдерді қарастырасыз. Ең біріншіден, адамдарды жұмыспен қамтисыз, екіншісі жыл бойы халыққа ең қажетті көкөніспен арзан бағада қамтамасыз ете аласыз. Жылыжайдың жыл сайын кесте бойынша топырағы ауыстырылып отырады. Сондықтан, адам денсаулығына зиянды, химикат деген ол жай ғана әңгіме. Ол жерде мөлшерден тыс химикат берілмейді. Тек жылыжай емес, барлық егістік алқабының өзінде уақытылы тыңайтқыштар мен дәрумендер мөлшерімен беріледі және барлығы тексеріліп отырады.

Өзгелердің жаңалығы