Сағынтаев жаңа мектептер құрылыстарының барысын тексерді

28 Қаңтар 2021, 10:12
1390
Бөлісу:
Сағынтаев жаңа мектептер құрылыстарының барысын тексерді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы әкімі жұмыс сапары кезінде мектептер мен спорттық нысандар құрылыстарының барысымен танысты.

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Instagram-дағы парақшасында Алматыда оқушы орындарының тапшылығын азайту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты. 

Ол Түрксіб ауданының Қайрат ықшам ауданындағы 1500 орынға арналған мектеп құрылысының алаңында және Бостандық ауданындағы 425 орынды №199 мектептің жаңа корпусында болды. 

Биыл жыл соңына дейін қала бюджеті есебінен Наурызбай ауданындағы Қалқаман-2, Алатау ауданындағы Нұркент, Мәдениет, Саялы, Томирис, Дархан ықшам аудандарында және жоғарыда аталған Түрксіб ауданының Қайрат ықшам ауданындағы 8 мектепті тапсыруды жоспарлап отырмыз, — деп жазды Сағынтаев.

Қыркүйекке қарай Бостандық, Әуезов, Алмалы, Жетісу аудандарындағы 17 мектептің жанынан жаңа корпустар салынады. Бұл ретте мектеп жанындағы аймақтар дене шынықтыру және спортпен шұғылдану үшін жаңа спорт алаңдары мен стадиондар салу арқылы модернизацияланады. Жалпы жыл қорытындысы бойынша 20 700 оқушы орны ашылатын болады.

Әуезов пен Түрксіб аудандарында тағы 2 мектеп жеке инвестициялар есебінен салынады.

Бақытжан Сағынтаев Түрксіб ауданындағы Жас Қанат ықшам ауданында 150 орынға арналып салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс алаңында болды. Биыл Медеу, Жетісу, Алатау аудандарында осындай тағы 5 кешен салынуда.

Алматы әкімі барлық құрылыс-монтаж жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды. Оның айтуынша, Жаңа Алматының шеткі ықшам аудандарында тұратын балалардың заманауи және жайлы жағдайларда спортпен шұғылданулары үшін барлық мүмкіндікті жасау қажет.

Өзгелердің жаңалығы