Астана, BAQ.KZ. Қазақстан Президенті Мемлекеттік хатшы Бақытжан Сағынтаевты қабылдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
"Кездесуде Мемлекет басшысына Президент жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың қазіргі жұмыстары жөнінде баяндалып, ұлттық және мемлекеттік мейрамдарды мерекелеуге дайындық барысы туралы мәлімет берілді", - делінген хабарламада.
Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік хатшыға «Нұр Отан» партиясының съезінде айтылған барлық тапсырмалардың орындалуына, стратегиялық бағдарламалар мен бастамалардың жүзеге асырылуына тиісті бақылау жасауды тапсырды.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады.
Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздің валюта-қаржы нарығындағы ахуалы мен алтын-валюта қорының жағдайы туралы мәлімделді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысына инфляцияның төмен деңгейін ұстап тұруға және валюта айырбастау орындарындағы алып-сатарлық операциялардың алдын алуға бағытталған ақша-несие саясатын жүзеге асыру жөніндегі жұмыстардың нәтижелері мен алдағы уақытта атқарылатын шаралар туралы баяндалды.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті Ұлттық банк төрағасына валюта нарығының, банк секторының және қаржы нарығының басқа да сегменттеріндегі ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етуді тапсырды.
Келесі кезекте Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевты қабылдады.Кездесу барысында Мемлекет басшысына еліміздің Қарулы Күштерінің қазіргі жағдайы мен министрлік қызметінің стратегиялық бағыттары туралы мәлімделді.
Нұрлан Ермекбаев Қазақстан Президентіне армияның қорғаныс қабілетін арттыру және әскерді қару-жарақпен қамтамасыз ету үшін қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар нақты тапсырма берді.
Кейін Қазақстан Президенті Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевты қабылдады.
Мемлекет басшысына ведомствоның қазіргі қызметі, сондай-ақ елімізде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін қабылданып жатқан шаралар туралы есеп берілді.
Сонымен бірге, Ерлан Тұрғымбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа ішкі істер органдарын реформалау және министрліктің жеке құрамын кезектен тыс аттестациядан өткізуге әзірлік барысы жөнінде баяндады.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті бірқатар нақты тапсырма берді.