Сағынтаев қала тұрғындарына алғыс айтты

31 Қаңтар 2022, 16:00
1537
Бөлісу:
Сағынтаев қала тұрғындарына алғыс айтты

Алматы, BAQ.KZ.  Мен сіздермен үнемі бірге болдым. Қала өмірін жақсартуға бар күш-жігерімді арнадым, деп жазды Алматы әкімі қызметінен кетіп бара жатқан Бақытжан Сағынтаев facebook-тегі парақшасында.

Құрметті алматылықтар! Бүгін мен өз лауазымымды жаңа әкімге тапсырамын. Осыдан тура 720 күн бұрын Президент маған Алматы әкімдігін басқаруды сеніп тапсырды. Бұл үшін Мемлекет басшысына ризамын. Мен сіздермен үнемі бірге болдым. Қала өмірін жақсартуға бар күш-жігерімді арнадым,-деп жазды Сағынтаев.

Сонымен қатар ол әкім болып тұрғанда ұзақ мерзімді «Алматы-2050» стратегиясын қабылдап, қаланы дамытудың келешегін айқындағанын жеткізді. 

Президенттің «Шетсіз қала» қағидаты негізінде қалаға қосылған аудандардың түйткілді мәселелерін шешуге баса назар аударып, «Жаңа Алматы» кешенді бағдарламасын қабылдадық.  Біз әлеуметтік мәселелерді шешу үшін Алматыны агломерация ретінде дамыту және облыстың қаламен шектесетін 4 ауданында жұмыс орындарын құру жұмысын күн тәртібіне қойдық,-деп жазды ол.

Сағынтаев сондай-ақ қаланың Денсаулық сақтау, білім саласын жақсартуға көп көңіл бөлгенін де жазды.

Денсаулық сақтау жүйесі нығайтылды. Бір жылдың ішінде ең заманауи жабдықтармен жабдықталған 3 жұқпалы аурулар ауруханасын іске қостық. Пандемия кезінде денсаулық сақтау жүйесіндегі дағдарысқа жол берілмеді. Мектептерді жедел салу бағдарламасын қолға алдық. Тек 2021 жылы 33 жаңа мектеп салынды. Бұл – мектептердегі орын тапшылығын азайтуға бағытталған түбегейлі қадам болды,-деді Сағынтаев.

Сонымен қатар ол экологияны жақсарту үшін миллион ағаш отырғызу және екінші ЖЭО-ны газға ауыстыру сияқты жүйелі екі шешім қабылданғанын жазды. 

Менің әрбір жұмыс күнім сіздердің көз алдыларыңызда өтті. Өздеріңізбен әрдайым кездесіп, ақылдасып отырдық. Апта сайын Akimat Live тікелей эфиріне шықтым. Атқарылған шаралар туралы үнемі хабардар болдыңыздар. Бірге атқарылған жұмыс үшін алматылықтарға алғыс айтамын! Қаламызға және барша алматылықтарға бақытты ғұмыр тілеймін! Алматы мәңгі менің жүрегімде,-деп жазды ол.
 

Өзгелердің жаңалығы