Сағынтаев: Қалалықтарды жұмыспен қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз

26 Ақпан 2021, 16:46
1928
Бөлісу:
Сағынтаев: Қалалықтарды жұмыспен қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен кеңесте жұмыс орындарын құру, жұмыспен қамтуды сақтау, жалақыны және міндетті зейнетақы және әлеуметтік аударымдарды дер кезінде төлеу мәселелері қаралды.

Кеңесте айтылған мәліметтер бойынша, 2020 жылы барлық мемлекеттік бағдарлама негізінде, сондай-ақ ШОБ саласында 76,3 мың жұмыс орны құрылды. Биыл «Еңбек» бағдарламасы аясында «ТжКБ» бағыты бойынша жоғары оқу орындарына түспеген жастар мен тұрмысы нашар отбасылардың жасөспірімдері арасынан 15-24 жас аралығындағы 2,5 мың адамды оқыту жоспарлануда. «Қысқа мерзімді оқыту» бағыты бойынша тігін және кондитерлік іс, бухгалтерия сияқты сұранысқа ие мамандар даярлайтын курстарда 1 мың адам оқитын болады. Осы бағыт бойынша оқитындарға стипендия беріледі, олардың жұмысқа тұруларына көмек көрсетіледі.

«Еңбек» бағдарламасының тағы бір бағыты – шағын несиелеу және гранттар. Жалпы сомасы 1,6 млрд теңгеге 115 адам шағын несие алады деп жоспарлануда. 200 АЕК көлеміндегі гранттар жалпы сомасы 583,4 млн теңгеге 1 мың адамды қабылдай алады. 1000-ға жуық жұмыссыз әлеуметтік жұмыс орындарына, тағы 6000-ы қоғамдық жұмыстарға орналасады. Жастар практикасымен 29 жасқа дейінгі 800 адам қамтылатын болады. Мегаполис әкімі Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша қосымша бөлінген қаржының арқасында жастардың ай сайынғы жалақысы 100 мың теңгеге дейін өсті.

Мегаполистегі еңбек нарығының жағдайына КВИ-ге қатысты болған төтенше жағдайлар мен карантин кезіндегі шектеу шаралары айтарлықтай әсер етті. Бірқатар сауда және қызмет көрсету кәсіпорны өздерінің пандемияға дейінгі әлеуетін қалпына келтіре алмауда. Сондықтан Алматы қаласының әкімі Б. Сағынтаев өзінің орынбасарларына, аудан әкімдеріне және мүдделі басқарма басшыларына қиын жағдайға тап болған кәсіпорындарға қажетті көмек көрсету үшін барлық шараны қабылдауды тапсырды.

Жұмыс орындарын құру үшін мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға бөлінген қаржыны барынша тиімді пайдалану қажет, - деп атап өтті Сағынтаев.

Ол өз сөзінде жұмыс орындарын құру мен оларды сақтап қалу әкімдіктің күн тәртібіндегі басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.

Еңбек – дұрыс өмір сүрудің негізі, мегаполис тұрғындарының қанағаттану деңгейі осыған байланысты. Қалалықтарды жұмыспен қамту - ең басты мәселе болуы тиіс, - деді Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Қалада жұмыспен қамтуды қолдау шараларының қатарында өндірістік парктерде өндіріс орындарын тегін ұсынудың пилоттық жобасы қарастырылуда. Жеке кәсіппен айналысқысы келетіндер ШОБ дамыту бағдарламалары үшін жеңілдетілген несие алып, өз бизнесін ашып, өзін және жақындарын жұмыспен қамтамасыз ете алады.

ЖОО мен колледж түлектерін жұмыспен қамту деңгейін арттыру мақсатында кәсіптік бағдар беруді күшейту үшін өндіріс орындарының базаларында оқу орталықтарын іске қосу жоспарлануда. Сонымен қатар, түлектерге мониторинг жүргізіліп, бірыңғай базасы жасалады, жоғары және орта арнаулы оқу орындарында кәсіпкерлік негіздері бойынша оқыту жалғасады, соның негізінде онда бизнес-инкубаторлар да ашылады.

Кеңесте кәсіпорындардың жалақы бойынша қарыздарын азайту және міндетті зейнетақы және әлеуметтік сақтандыру төлемдерінің кешіктірілуіне жол бермеу туралы сұрақтар да қаралды.

Өзгелердің жаңалығы