Сағынтаев e-Gov туралы: Жақсы жұмыстар жүргізілгенімен, халық арасында таралуы төмен

15 Қаңтар 2019, 11:12
6531
Бөлісу:
Сағынтаев e-Gov туралы: Жақсы жұмыстар жүргізілгенімен, халық арасында таралуы төмен

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін сейсенбіде өткен үкімет отырысында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Электронды Үкіметті» дамыту және мемлекеттік қызметтер көрсету туралы есеп берді. 

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев министрге сауал қойды.

«Мобильді қосымшалар арқылы mGov 87 қызмет болып қала ма, әрі қарай көбейе ме? Көбейсе қай жылы қанша болады? Екінші электронды-цифрлы қол қою рәсімі 52 қызмет бойынша, ол да әрі қарай өсе ме, әлде сол күйінде қала ма? Бір реттік өтінім беру дейді, өте жақсы нәрсе. 6 ғана қызмет. Әрі қарай жоспар бар ма, осымен бітті ме?» - деп сұрады Сағынтаев Ақпарат және коммуникациялар министрінен.

Абаев mGov арқылы көрсетілетін 87 қызмет 457-ге дейін ұлғаятынын айтты. Премьер-министр бұл жұмыс нақты қай уақытта аяқталатынын сұрады. 

«Біз қазір mGov-ты толық модернизациялау процесін жүргізіп жатырмыз. Осы процесс біткеннен кейін біз Жол картасы...», - дегені сол еді үкімет басшысы әріптесінен жауабын нақтылауды сұрады.

- Айтсайыңызшы, 2019 жылы ма, 2020 жылы ма, қай жылы? - деп сұрады Сағынтаев.
- 2021 жылы, - деп жауап берді Абаев.
- 2021 жылы 1 қаңтарда осы жұмыс түгелімен басталады, солай ма?
- Жоқ, жұмыс қазір жүргізіліп жатыр. 2021 жылға дейін бітіреміз. 
- 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін толығымен 454 қызмет мобильді қосымша арқылы пайдалануға болады?
- Иә. 52 қызмет дегеніміз бұл жерде қызметтерді зерттеп, бір реттік пароль қажеттілігі болса тағы да ұлғайтамыз.
- Қаншаға дейін ұлғаяды? Бірден жасау керек қой, қашанға дейін зерттеп отырамыз?
- Біз өзіміз ғана шеше алмаймыз, әріптестерімізбен бірге... 
- Осы бағыт бойынша қай қызметтерді ауыстыруға біздің мүмкіндігіміз бар? 
- Комиссиямен қарастырып жатырмыз. 52 қызметке жеткіздік. 6 қызмет заңға келіп тіреліп жатыр. Заң қабылданғаннан кейін осының бәрін күшейтуге... 
- Заң қашан қабылданады? Жылдам қабылдасақ бұл халық үшін өте тиімді. 
- Биыл. Мен айтқан 500 өзгертулер биыл қабылданады. 
- Онлайн тіркеу, транспорт, жеке куәлік алу бойынша көрсетілген қызметтер саны көп емес. Не себеп?
- Енді-енді бастап жатырмыз. 
- Тиімді ғой, халық білмей ме, қалай? Биыл қанша автокөлік осылай тіркеуден өтті? – деп сұрады Сағынтаев Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтан. 
- Биыл міне 2,5 млн көлік осылай өтті. Жоспар бойынша тағы 7 мемлекеттік қызмет түрін жылдың аяғына дейін... - деп жауап берді ІІМ басшысы.
- 4639 қызмет қана көрсетілген. Егер де сіз айтып отырғандай 2 млн өткен болса түк те емес. 
- Мұны қосқанымызға екі ай ғана, - деді Абаев.
- Маусымда деп жазылып тұр ғой, - деп сұрады Сағынтаев. - Жүргізуші куәлігін алу былтыр қаңтарда қосылған. 1 жыл болды. 18 мың ғана қызмет көрсетілген. Бірінші, халыққа түсіндіру жұмысы, екінші қай өңірлерде жақсы жүріп жатыр, қай өңірлерде жүріп жатқан жоқ, мұны көруіміз керек. Сонда біз мынадай облыста көңіл бөлмей отырсыңдар деп айтамыз. Қызметтерді халық ХҚКО-ға барып алып жатыр. Оны бармай-ақ, үйде отырып та ала беруге, мобильді қосымша арқылы жасай беруге болады, – деді ол. 

Абаев үкімет басшысының сөзін құптап, осы жұмыстарды әрі қарай насихаттап, интернет сапасын арттыратынын жеткізді.

«Талдау жасау керек. Жақсы жұмыстар жүргізіледі. Халықтың арасында таралу нәтижесі төмен», - деп сөзін түйіндеді Сағынтаев.

Назерке Абибулла

Өзгелердің жаңалығы