Сағынтаев: Бұл вирус өмір бойы бізбен болады

2 Сәуір 2021, 13:39
1725
Бөлісу:
Сағынтаев: Бұл вирус өмір бойы бізбен болады

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифингте коронавирустан қорғанудың жалғыз жолы вакцина алу екенін айтты. 

Оның айтуынша, вакцина тегін салынады. Оның шығынын мемлекет өз мойнына алып отыр. 

Бүгінгі таңда қолымызда «Спуник V» вакцинасы ғана бар. Денсаулық сақтау министрінің мәліметінше, алдағы уақытта қытайдың «Синовак» вакцинасы жеткізіледі. Оған қосымша желтоқсан айында 2 мыңдай ерікті Qazcovid-in екпесін салған болатын. Сәуір айының соңына дейін Алматыға 6 мыңға жуық отандық екпе жеткізіледі деп күтілуде. Сондықтан халық қай екпені қалайды, соны салдыруға мүмкіндігі бар, - дейді әкім. 

Сондай-ақ ол халықты вакцинаға қатысты түрлі алып-қашпа сөздермен қорқытуларға сенбеуге шақырды.

Бәріміз көріп, біліп отырмыз, бір жыл өтті, бұл аурудың шешімі жоқ. Қайта-қайта локдаун жасап, карантинге жауып жатсақ та бұл ауру кетпей жатыр. Біз қауіпсіздіктің барлығынан өттік. Аурудың таралуы бірде көтеріліп, бірде түсіп отыр. Енді британдық, оңтүстік штамм шығып жатыр. Мұның мутациясы ары қарай кете береді. Келесі жылы басқа да мутациясы шығуы мүмкін. Бұл вирус бізден ешқайда қашып кетпейді. Менің түсінігімде өмір бойы бізбен болады. Сол себепті бұдан қорғанамыз десек, бізге вакцина керек. Басқа шешімін бүгін көріп отырған жоқпыз. Оны мамандардың барлығы айтып отыр. Ірі мемлекеттердің бәрі тек вакцинамен шешіп отыр. Егер бұрынғы қалыпты жағдайға көшеміз десек, онда қорықпай, қауесетке ермей, екпені қабылдауымыз қажет, - деді Сағынтаев. 

Айта кетсек, бұған дейін қала әкімі бүгін Алматыға ресейлік «Спутник V» вакцинасының 2 850 дозасы жеткілігенін мәлімдеген.

Өзгелердің жаңалығы