Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қаланың 2021 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындыларымен бөлісті.
Қала әкімі пандемияға және оған байланысты шектеулерге қарамастан, Алматы әлеуетін арттыруды жалғастырып, қалпына келтірудің жоғары қарқынын көрсетіп отырғанын атап өтті.
Оның айтуынша, 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында Алматы экономикасы 5,5%-ға өсіп, 5,8 трлн теңгені құрады. Осы жылдың 10 айында негізгі капиталға салынған инвестициялар 15% өсіммен 873 млрд теңгеден асты. Жыл басынан бері өнеркәсіпте 18% өсім қамтамасыз етілді. Жыл соңына дейін Индустриялық аймақта 519 жұмыс орнын ашатын 4 жаңа жобаны іске қосу жоспарлануда. Бюджетке түсетін түсімдер 28,3-ға, 2,2 трлн теңгеге дейін ұлғайды.
Б. Сағынтаевтың айтуынша, құрылыста 22% өсім қамтамасыз етілген. Бөлшек сауда көлемі 12,7%-ға өсіп, 3,3 трлн теңгені, көтерме сауда 2,3%-ға өсіп, 8,7 трлн теңгеге дейін жетті. Жыл басынан бері инфляция 7,6%-ды құрады.
Жыл басынан бері шағын бизнесті несиелеу 1,4 есеге өсіп, 55 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Бүгінгі күні қаладағы жұмыссыздық 5,1%-ды құрайды. Үшінші тоқсанда орташа жалақы 20%-ға өсіп, 283,7 мың теңгені құрады.
Сондай-ақ қала басшысы Алматының денсаулық сақтау жүйесі жаңа сын-тегеуріндерге тұрақтылық пен дайындықты көрсеткенін атап өтті. Денсаулық сақтау объектілерінің материалдық-техникалық жарақтандырылуы бүгінгі күні 91,5%-ды құрайды. Анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелері 100% жинақталған.
Жедел медициналық жәрдем жұмысы жақсарды. 3 жаңа қосалқы станция салынды. Бригадалар саны екі есеге артты. Автопарк 70%-ға жаңартылды, - деді қала әкімі.