Жетісудағы Биапа театры нағыз өнер майталмандарының ордасы. Оған дәлел жарты ғасыр шеңберінде сахнадан түспеген Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, театр актері Сағындық Жұмәділ, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
.jpeg)
Өнегелі өмір – өрісті өнер
Әр адамның жүріп өткен өмір жолында көмескі тартқан, қағаберісте қалған сәттер мен оқиғалар кездесері анық. Сол сәттерге қайта үңіліп, оны көзкөргендер мен жанашыр жандар жүректерінде жаңғыртып, ой елегінен өткізе түссе – бұл ұрпақ үшін тағылымды өнеге болмақ. Неге өнеге? Бұл сұрақтың мәнін тереңірек түсінуге тырыссақ, бүгінгі әңгімеміздің арқауына айналып отырған – Жетісу өлкесінің төл перзенті, Бикен Римова атындағы облыстық драма театрының танымал актері Сағындық Жұмәділ туралы естеліктердің түп төркіні, басты мазмұны – адамгершілік қасиеттерде екенін аңғарамыз.
Оның өнерге деген шексіз сүйіспеншілігі, айналасына жасаған жақсылығы мен қамқорлығы, үлкенге көрсеткен құрметі мен кішіге деген ізеті, туған ұлтына деген сүйіспеншілігі мен ана тіліне деген адалдығы – мұның бәрі де өнегеге толы өмір мектебі емес пе? Сағындық аға өмірдің талай бұралаң соқпағымен арпалысып жүріп, жақсылыққа ұмтылды, биіктерге самғады. Ерте жетілді, ерте жетістікке жетті. Қатарластарынан оза шапты. Бірақ сол биікте жүріп, қарапайым адамдық болмысын жоғалтпады.
Мен үшін адамгершілік – сырт көзге сыр бермей, тұйық күйде жүру де емес, атақ-даңққа мастанып, кеуде көтеру де емес. Нағыз адамдық – қарапайым болу, жанындағы жандарға жүрек жылуын шашу, шын ниетпен араласу, әділ ой айту, ақиқатты ашық жеткізу. Менің шынайы болмысы – осы. Сол себептен де кейбіреулер менің ашықтығымды, туралығымды түсіне бермейді. Бұл театр актерлеріне тән дүние. Өнерге өтірік айтуға болмайды, - дейді С. Жұмәділ.
Бар-жоғы 34 жасында өзі қызмет етіп жүрген театрдың тізгінін қолға алып, жұмыссыз жүрген әріптестерін арнайы іздеп тауып, оларға қайтадан сахнаға оралуға мүмкіндік жасағаны – жай ғана кеңпейілділік емес. Бұл әрекетті жалпақшешейлікке де, жұртқа жақсы көрінгісі келген дарақылыққа да жатқыза алмаймыз. Бұл – жүрегі мейірімге толы, адам танитын көреген, талантқа құрметпен қарайтын, жақсылық жасаудан жан рақатын табатын нағыз азаматтың ішкі болмысынан туған іс.
Ал ұлт руханияты, өнер тағдыры, қызметтік жауапкершілік сияқты мәселелерге келгенде, Сағындық ағамыздың ұстанымы өзгеше. Қажет жерде қаталдық танытып, сөзін бүкпестен ашық айтады, ешкімнің көңіліне қарап, шындықты бұрмаламайды. Ол – принципшіл, адалдық пен әділеттілікті ту еткен, жұмысына жан-тәнімен берілген жан. Оның батыл сөзі мен ашық ойының артында өнерге деген ерекше сүйіспеншілік, балалық шағының уыз әсері, кино мен театрдағы сан түрлі тәжірибесі мен өрісті жолы жатыр. Бұл қасиеттер жайында бұған дейін де айтылып жүр, ал болашақта әлі де айтылары сөзсіз. Бірақ дәл қазір – өнер иесінің өмір жолына тағы бір үңіліп, соның көлеңкесінде жатқан сырларды жаңғыртар шақ туғандай.
Сағындық аға – отбасында еркелеп өскен, текті тәрбиенің тал бесігінен шыққан перзент. Артынан ерген қыздардың арасындағы жалғыз ұл болғандықтан, ата-анасының көзінің ағы мен қарасындай болып өсті. Сағынып күткен сәбиін ата-анасы Сағындық деп атап, оған бар махаббатын арнады. Гүлсім анасының жылы жүрегі мен Айтмұхамет әкесінің батыр болмысы ұлын ерекше әлпештеді. Содан да болар, ол еркін ойлы, сері жүрісті, сәнді киінетін, сөзге шешен, өзіне сенімді жан болып қалыптасты. Бұл мінезі оны өмір бойы әр ортада ерекшелендіріп, құрметке бөлеп отырды. Ата-ана шаңырағынан түлеп ұшқан соң, ол тек өз үйінің ғана емес, дос-жарандарының, ел-жұртының да еркесіне айналды.
Ана үміті – жігер мен жетістік
Адамның болмыс-бітімі, мінез ерекшелігі алдымен Жаратушыдан берілсе, одан кейін оның ұйып өскен ортасы мен туған ұясында қалыптасатыны шындық. Оныңбойындағы қызуқандылық, ойнақы қиял мен сергек сана, өнер адамына тән шалт қимыл – тумысынан дарыған табиғи қасиеттер болса, ал сырбаздық, шешендік, намысшылдық секілді өр мінез – отбасынан, тәлімді тәрбие алған ордадан келген деп топшылауға толық негіз бар.
Осы тұста еріксіз еске марқұм анасы – Гүлсім апамыз түседі. Көзкөргендердің айтуынша, Гүлсім ана – етек жапқан әйелдің ішіндегі ең естісі, сөз бастаған жандардың алдыңғы шебінде тұрар, өнегесі мол, кестелі сөзімен жүрекке жол таба білетін, көкірегі ояу, парасатты жан болған. Ол кісі төрде отырса да түн ұйқысын төрт бөліп, үй ішінің тіршілігін жіті қадағалайтын, отбасына тірек, ұрпағына үлгі бола білген. Ал әкесі Айтмұхамет болса, таудай тұлғасы бар, сабырлы да салмақты, бірбеткей, бірақ әділ мінезді, асқардай әке болған.
Сағындық ағамен сұхбат барысында осындай өмірлік деректердің бір парасына қанық болдық. Қазір өзі немере сүйіп отырған ақсақал атанғанымен, әке туралы сөз қозғалғанда жүрек тұсынан сыр ұрлаған сағыныштың салмағы көзінен мөлтілдеген жас боп шықты. Біз театр сахнасында небір тағдырды сомдаған, жүректің ең терең иірімдерін көрерменге жеткізе білген өнер иесінің шынайы өмірбаянын үнсіз тыңдап отырдық.
Ата-анам менің заң саласында қызмет еткенімді қалады. Бірақ менің бала кезден көкейімде жатталған арман – өнер жолы, сахна, рөлдер, жарық прожекторлар мені өзіне тартып тұратын. Сол үшін де, бір күні кесіп айттым: «Егер әртіс болуға рұқсат бермесеңіздер, оқымаймын», – деп. Мұны естіген соң, ата-анам амалға көшті. "Мына Талдықорғанда заң техникумы ашылыпты, сонда бір жыл, 10 ай оқы, сосын қалағаныңа барасың" деді. Ішкі есептері – мені ауылда ұстап қалу. Сөйтіп, 1979 жылы Алдабергенов ауылындағы М.Байысов атындағы орта мектепті аяқтаған соң, сол жылы заң техникумына оқуға түстім. Бірақ қанша тырыссам да, жүрегім қабылдамады, оқу көңілге қонбады. Өнерге деген махаббат бәрінен үстем еді, - дейді өзі еске алып.
Міне, бала арманы мен ата-ана үміті арасында тұрған Сағындық ағамыз сол кездің өзінде жүрек қалауына адал болып, болашақ тағдыр жолын өзі қалап салды. Бұл – өз ұстанымына берік, шынайы өнерге шын ғашық жанның жолы.
Сағындық ағамыздың өнер жолындағы алғашқы қадамдары – талай жасқа үлгі боларлықтай өрелі, қиындық пен табандылық қатар өрілген тағдыр тарауы.
Техникумда оқып жүрген бір жылдың ішінде ол демалыс сайын ауылға қашып келіп жүріпті. Ақыры жүрегі қалап тұрған жолдан таймай, оқумен қош айтысты. Бұл қадамы ата-анасының да жүрегін қозғағандай. Көп ұзамай олар баласының талабына түсіністікпен қарап, өз баталарын беріп, армандағы театр институтына баруына рұқсат етеді.
1980 жылы Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтына емтихан тапсыруға келеді. Сол жылы аты аңызға айналған, қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Асқар Тоқпанов шәкірттер қабылдап жатқан кез екен. Бірақ тағдыр тосын шешім жасайды – Сағындық аға бірінші емтиханнан өте алмай, ауылға оралуға мәжбүр болады. Үйге келгенде анасы Гүлсім апа: "Міне, айттым ғой, сенен әртіс шықпайды" деп, тағы да заң оқуын жалғастыруға үгіттейді. Бірақ Сағындық аға тізгінді қолдан бермейді: "Сіздер дұрыстап бата бермедіңіздер, сондықтан түсе алмадым" деп ата-анасының өзіне уәж айтады.
Бір жылын текке жібермеу үшін шопырлық оқуға түсіп, жүргізуші куәлігін алып шығады. Бұл өмірлік шешім кейін әскерге барған кезінде үлкен пайдасын тигізеді.
Өнер алыптарының шәкірті
Келесі жылы үмітін қайта жаққан ол Алматыға тағы аттанып, дайындықты мұқият жүргізеді. Бөлесінің үйінде бір ай жатып, табандылықпен дайындалып, нәтижесінде КСРО халық әртісі Хадиша Бөкеева сынды саңлақ ұстаздың класына қабылданады. Сонымен бірге Нұрмұхан Жантөрин, Меруерт Өтекешова, кейінірек Тұңғышбай Жаманқұлов сынды тарландардан тәлім алады. Әсіресе Меруерт Өтекешова "Қарагөзді" сахналап жүрген кез болатын. Жұмысбастылықтан ол сабақ бере алмай, орнына Тұңғышбай аға келеді. Ол үшін нағыз қызық пен шынайы өмір сабақтары енді басталған еді.
Алайда 1984 жылы үшінші курсты аяқтап, бір кешкі сауық кешінде орын алған келеңсіз жайт – өмірінің тағы бір бетбұрыс сәтіне айналады. Топтағы қыздардың арызы негізінде оқудан шығарылады. Бірақ деканның адамгершілігі мен көрегендігі оны құтқарады. "Сен жақсы студентсің, кісі өлтірген жоқсың. Бірақ бұл топта оқуың қиын болады. Әскерге барып, есейіп кел. Қайтып оралып, оқуынды жалғастырасың" дейді ол.
Сөйтіп ол екі жылдық әскери міндетін өтеуге жол тартады. Өмір деген шынында бірде шыжық, бірде қызық. Шопырлық куәлігі көмекке келіп, Мәскеу маңындағы құрылыс батальонына қабылданады. Онда да ешкімге есесін жібермей, жаңа "ЗиЛ-130" көлігін тізгіндеп, құрметке ие болады. Жасы жиырма екіде, қатардағы жас сарбаздар оны "шал" деп атайтын. Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп, сүйікті оқуына қайта оралады.
Бұл – өмірден өз орнын табуға талпынған жас жігіттің ерік-жігерінің, ата жолына құрмет пен өз арманын жүзеге асыруға деген қайтпас қайсарлығының айғағы.
Сағындық Айтмұхамбетұлының өмір жолы – өнерге адалдық пен туған жерге сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі. Әскерден оралып, институтқа бірден баруы – оның арманы мен мақсатына деген шынайы құлшынысын айқын көрсетеді. Ауылдағы жұртқа тіс жарып, "мен қайтып келдім" деп дүбірлетпей, бірден оқуына бет алғаны – нағыз азаматқа тән қарапайым, бірақ өр мінездің көрінісі.
Әскери киімімен оқу орнына кіріп келгенде деканы оны жылы қарсы алады да, бірден: "Партияға өттің бе?" деп сұрайды. Әрине, кезінде студенттік өмірде төбелесіп, аты шыққан Сағындықты кім партияға алсын? "Жоқ" деген жауабын естіген декан: "Ректорға арыз жазып кел" деп шығарып салады.
Сол сәтте оның жұлдызы қайта жанды десе болады. Қазақ КСР халық әртісі Шолпан Жандарбековаға жағдайын айтып түсіндіргенде, ол кісі қуанып: "Қарагөз" спектаклінде Наршаның рөлі бос тұрған еді" деп, Сағындыққа жаңа мүмкіндік береді. Бірақ бәрі бірден оңала қоймайды. Қайтадан 3-курсты оқуға тура келеді. Жаңа топ, жаңа ұстаз – бұл жолы Қазақ КСР халық әртісі Ыдырыс Ноғайбаевтың курсына қабылдану үшін арнайы өтініш жазып, ағайдың қолын алу қажет болады. Қолыма гүл алып, үйіне барып, зайыбы Фарида апай арқылы Ыдырыс ағайға жолығып, оның жылы қабағы мен қолдауы арқасында жаңа бетбұрыс жасайды.
Жеті жылда оқуды аяқтап шыққан Сағындық аға: "Бірақ менің ең үлкен олжам – өнердің қара нарына айналған ұстаздардан дәріс алғаным" дейді. Хадиша Бөкеева, Нұрмұхан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов сынды тарландардан алған тәлім – оның кәсіби жолына мызғымас іргетас болып қаланды.
Бүгінде облыс әкімінің қолдауымен заманауи жаңа театр ғимараты бой көтеріп, Жетісу өнері жаңа биіктерге қадам басып отыр. Театр әртістері кино саласына араласып, ел ішінде танымалдыққа ие болуда. Сағындық ағамыздың өзі де бірқатар тарихи жобаларға қатысып, Төле бидің қартайған шағын бейнелеп, ұлттық болмысты экран арқылы бүгінгі ұрпаққа жеткізді. Режиссерлер оны бұл рөлге еш ойланбастан лайық көрген. Себебі, түр-тұлғасы мен болмыс-бітімі, дауыс ырғағы мен сөйлеу мәнері – нағыз қазақ биінің, ел ағасының келбетін көз алдыңа әкеледі.
"Театр әртісі тек қана талантты емес, ізденгіш, жауапты, шыншыл болуы керек" деген Сағындық аға өнерге ғана емес, әкелік міндетке де дәл осындай жауапкершілікпен қарайды. Сұхбат барысында ол екі қызы – Аяулым мен Арайлым туралы тебірене әңгімеледі.
Қыз баланың жаны нәзік қой, інім, оларға қатты сөйлей алмайсың. Ақылмен, ишарамен ғана жөн сілтей аласың. Және қызың барда өзің де тәрбиеленесің. Әке деген атқа лайық болуға тырысасың. Шүкір, қыздарым ешқашан алдымыздан көлденең өткен емес. Қас-қабағымызға қарап тұрады. Қыз бала – үйдің гүлі ғой. Мен оларды қазақы болмыстан айрылмасын деп түгел қазақша оқыттым, - деп сөзін түйіндеді кейіпкеріміз.
Бұл – тек бір адамның өмір жолы емес. Бұл – өнерге, ұлтқа, отбасы мен Отанға деген адалдықтың көркем шежіресі.