Жапаровтың кортежімен болған жол апатында Президенттің жеке дәрігері қайтыс болған

5 Маусым 2021, 21:27
4565
Бөлісу:
Жапаровтың кортежімен болған жол апатында Президенттің жеке дәрігері қайтыс болған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Садыр Жапаровтың кортежімен болған жол апатында Президенттің жеке дәрігері қаза тапты. 

Бұл туралы 24.kg агенттігіне Қырғызстанның денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Алымқадыр Бейшеналиев хабарлады.

Оның айтуынша, Илгиз Усубалиев 37 жаста болған. Бұрын ол БНИЦТО-да травматолог-ортопед болып жұмыс істеген. Алты жыл бойы бірқатар операция жасаған. Кейіннен ҰҚК-ның Тоғызыншы басқармасына жұмысқа ауысқан. Соңғы лауазымы - Садыр Жапаровтың жеке дәрігері болды.  

Мас жүргізуші қатты жылдамдықпен ұшып келді. Ішінде президент болған алғашқы көлік соқтығысудан айналып өте алды. Екінші көлік те айналып кетуге тырысқанымен, кеш болды. Мас жүргізушінің көлігі оның артқы дөңгелегін соғып өтті. Салдарынан көлік бірнеше рет аударылды. Усубалиев ауыр жарақат алды, - деді Алымқадыр Бейшеналиев.

Оның сөзінше, зардап шеккен үш адам БНИЦТО-дағы нейрожарақат бөліміне жеткізілді. Ертең олардың біреуіне операция жасалады. Дүйсенбіде - екіншісіне жасалады.

Марқұмның артында әйелі мен үш баласы қалды.

Денсаулық сақтау министрлігі жерлеуді ұйымдастыруға барынша көмек көрсетті. Отбасы әскери қызметші қайтыс болған жағдайда берілетін барлық жеңілдікке ие болады, - деп толықтырды Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.

Айта кетейік, кеше Президент Садыр Жапаровтың Ыстықкөл облысына барған сапары кезінде оның кортежіне еріп жүретін машиналардың қатысуымен жол апаты болды. Салдарынан бес адам зардап шекті, біреуі қайтыс болды.

Өзгелердің жаңалығы