Соңғы уақытта жаңа туған нәрестелерде сарғаю синдромы көп байқалады. Сарғаю синдромына не себеп болады? Ол қаншалықты қауіпті? Бұл туралы Астана қаласы №1 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы директорының Медициналық қызмет сапасын бақылау және стратегиялық жоспарлау бойынша орынбасары Динат Қожекенов BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында мәлімдеді.
- Динат Ерікұлы, сарғаю синдромы деген не?
- Сарғаю синдромы дегеніміз – анасынан балаға берілетін феталді гемоглобиннің жарылуы. Жаңа туған нәрестелердің қан сарысуында билирубин литріне 44 микромольдан аспауы тиіс. Алайда көбінесе біз 80-нен жоғары көтерілгенде емдеуге кірісеміз. Оның үстіне, одан төмен кезде сарғаю байқалмайды. Кейде шала туған балаларда да сарғаю болады. Бала салмақ қоспаған кезде де билирубин көтеріледі.
- Сіз жұмыс істейтін орталық елордадағы сарғаю синдромы бар сәбилерді емдейтін бірден-бір орталық екен. Қанша сәбиде бұл синдром байқалды?
- Ауруханамызды Неонаталды сарғаю бөлімшесі бар. Ол Нәрестелер патологиясы бөлімшесі деген атауға ие. Сол жерде неонаталды, яғни туғаннан соң сарғаю диагнозы бар сәбилерді емдейміз. Негізі ол физиологиялық жағдай деп айтуға болады. Былтыр сарғаю синдромымен 2 мыңға жуық сәби ауруханаға жатты. Біздің ауруханаға қатысты айтсам, еметін жастағы 1685 балаға неонаталды сарғаю диагнозы қойылды. Олардың ішінде, 1264-і – туғанына бір ай да толмаған сәбилер. 421-і – 28 күннен асқан балалар.
- Сарғаю белгілері байқалған жағдайда ата-ана ең алдымен не істеуі керек?
- Ең бірінші, міндетті түрде өзі тіркелген емханадағы педиатрға жүгінуге кеңес беремін. Баланың көзінің ағы немесе терісі сарғайып тұрса, уақыт жоғалтпаған абзал. Физиологиялық жағдай ма, жоқ, басқасы ма, оны маман анықтағаны дұрыс. Әдетте дәрігер биохимиялық талдау тапсыртып, билирубинді тексереді. Кейде сарғаю ұзаққа созылып кетсе, билирубин 450-600 микромоль/литрге дейін көбейіп кетуі мүмкін. Оған жеткізбеген дұрыс.
- Ол қаншалықты қауіпті?
- Билирубин 600-ге дейін көбейсе, ми уланады. Бұл сәби миының дамуына ықпалын тигізеді.
Сарғаюдың ең қауіпті түрі – анасынан берілетін жатырішілік цитомегаловирустық инфекция деп айтар едім. Ол сәбидің бауырын зақымдайды. Ол сәбиге анасындағы вирустық инфекция арқылы жұғады. Бұл вирус бауырды зақымдайтындықтан баланың бауыры дұрыс жұмыс істемейді.
- Ал сарғаю қандай кезде қауіпсіз?
- Сарғаю – билирубин жоғарылаған сайын байқалады. Әдетте нәресте өмірге келген соң 3-4-5 күні сарғыштық көзге көрініп жатады. Организмде қан жасушаларының ыдырауының ең соңғы сатысы – ол билирубин. Оның үш түрі бар: жалпы билирубин, тура билирубин және жанама билирубин. Әрқайсысының өзінің шектік деңгейі болады. Яғни, қалыпты жағдайда сәби туған соң 3-4 күні байқалып, 14-15-ші күні кете бастайды. Одан асып кетсе, билирубин ағзаға у ретінде әсер етеді. Сол үшін дәрігерлер дабыл қағып, оны түсіруге тырысамыз. Билирубин 208-ден асса, ауруханаға жатқызамыз. Қазір МӘМС жүйесі арқылы медициналық қызмет барлық сәбиге тегін көрсетіледі. Өйткені ем жүйе арқылы қаржыландырылады.
- Фотолампамен емдеудің қаупі бар ма?
- Қауіпсіз. Себебі тексеруден өткізілген.
- Сарғаюдың қандай түрлері бар?
- Бірнеше түрі бар. Механикалық сарғаюда – баланың өт жолдарында туа біткен ақаулар арқылы көрініс табуы мүмкін. Бала өмірге келген соң 7-ші күні қатты сарғайып кетсе, өте қауіпті. Ал патологиялық сарғаю – бір айдан асқан сәбиде байқалады. Бала бір айға толған соң скрининг сол үшін жүргізіледі.
Сондай-ақ ядролық сарғаю деген бар. Оны кейде билирубин энцефалопатиясы деп те атайды. Қазір көбейіп кеткен церебралды сал ауруының себебі де сол болуы әбден мүмкін. Сондықтан әр ата-ананы бала денсаулығына бей-жай қарамауға шақырамын.
- Әңгімеңізге рахмет!