Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Ажар Ғиният мәлімдеді.
Министр елдегі ана мен бала өлімінің себептеріне тоқталды.
Егер 2014 жылдан бастап қарайтын болсақ, соңғы 10 жылда сәбилер өлімінің көрсеткіші тұрақсыз болды. Бірақ 2014, 2015 жылдары бірден өсіп, кейінгі жылдары біршама азайып, 2019 жылы қайта көбейді. Сәби өлімінің көбейіп кетуі анасының денсаулығымен тікелей байланысты. Себебі сәбилер өлімі дегеніміз – баланың бір жасқа жетпей шетінеп кетуі. Негізінен нәрестелер перинаталдық себептерден шетінеп жатады. Демек, балалар белгілі бір аурумен дүниеге келеді деген сөз, - деп атап өтті еліміздің бас дәрігері.
Сондай-ақ ол көптеген перзентханалардың тым ескі екеніне тоқталды.
Перзентханалар мен перинаталдық орталықтардың басым көпшілігі өткен ғасырда салынған және олардың материалдық-техникалық базасы баяғыда ескірген. Президенттің қолдауымен, оның тапсырмасы бойынша Үкімет жаңа перинаталдық орталықтар салу мен бүкіл перзентханаларға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр, - деді Ажар Ғиният.