Сабақта телефон пайдалануға тыйым салу. Мұғалім-оқушы-ата-ана не дейді?

13 Наурыз 2023, 15:48
6385
Бөлісу:
Сабақта телефон пайдалануға тыйым салу. Мұғалім-оқушы-ата-ана не дейді?
Фото: krassever.ru

Ел мектептерінде енді сабақ үстінде телефон пайдалануға тыйым салынуы мүмкін. Осы мәселеге қатысты бұйрықты Оқу-ағарту министрлігі қоғам талқысына шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл бұйрық Ашық нормативтік құқықтық актілер порталында жарияланды. Редакциямыз мектеп мұғалімі, ата-ана және оқушыдан «Сабақта телефон пайдалануға тыйым салынғаны дұрыс па?» деген сұрақты қойып, ойларын біліп көрді.

Алдымен құжатта не жазылғанын оқып көрелік. 

Білім алушылар білім беру ұйымынан тыс болған кезде білім алушылардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін ата-аналары немесе өзге де заңды өкілдері жауапты болады. Білім беру ұйымында оқу-тәрбие процесін және білім беру ұйымынан тыс жерде өткізілетін оқу-тәрбие іс-шараларын өткізу кезінде білім алушылардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін жауапкершілік білім беру ұйымы басшысының бұйрығына сәйкес педагогтерге жүктеледі, - делінген бұйрықта.

Сонымен бірге жаңа өзгеріске сәйкес мектептің ішкі тәртібіне қарама-қайшы әрекет жасаған оқушылар ата-анасына немесе заңды өкіліне ескертусіз мектептен шығарылмайды.

Білім алушы теріс қылықтар жасаған, мектептің ішкі тәртіп қағидалары талаптарын бұзған кезде оны сабақтардан шеттетуге, сондай-ақ ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің қасында еріп жүруінсіз білім беру ұйымынан шығаруға жол берілмейді. Білім беру ұйымы ата-аналарды немесе өзге де заңды өкілдерді қажет болған жағдайда оларды білім беру ұйымына шақыра отырып, болған жағдай туралы хабардар етеді және тиісті шаралар қабылдайды, - делінген құжатта.

Бұған қоса, сабақ кезінде қажеттілік болмаған жағдайда педагог пен оқушыға ұялы телефон қолдануға тыйым салынады.

Мұғалімнің шешімі бойынша сабақта оларды қолдану қажеттілігін есепке алмағанда, білім алушылар мен педагогтер сабақтарда мобильді байланыс құралдарын пайдаланбайды, - деп өзгеріс енгізілген бұйрыққа.

Қазір қолданыстағы заңнамада жоғарыда аталған ережелер жоқ.

Бұйрық 28 наурызға дейін көпшіліктің жария талқылауында болады.

Оқу-ағарту министрлігі құжаттың мәнін түсіндіріп берді. 

Сабақ үстінде телефон қолдану тыйым салынады. Бұл оқушыға да, мұғалімге де қатысты мәселе. Өйткені 45 минут сабақтың өзінің кезеңдері бар. Мысалы, үй тапсырмасын тексеру, жаңа тақырыпты түсіндіру және оны бекіту,жеке және топпен жұмыс. Осы жұмыстарды ұйымдастырып, өткізуге әрине телефон кедергі жасайды, - деп атап өтті Орта білім комитеті төрағасының орынбасары Зәуре Байменова.

Айта кетерлігі, министрлік телефонды мектепке әкелуге үзілді-кесілді тыйым салып отырған жоқ. 

Мұғалім-оқушы-ата-ана

Мұндай бұйрықтың шыққанын құп көремін. Өте дұрыс әрі дер кезінде талқыға салынған құжат. Өйткені сабақ үстінде оқушылардың 100% болмаса да, 5-6 оқушы телефонға алаңдайды. Тіпті мұғалім оқушыға мән бермесе, сабақ үстінде ойын ойнап отыра береді. Телефонға алаңдамай, сабаққа мұқият қатысатын балалар да жоқ емес. Кейде телефондары шыр ете қалса, «анам хабарласып жатыр, сөйлесіп алайыншы» деп сұранып, шығып кетеді. Осылайша, кейбір оқушылар жаңа сабақты түсінбей жатады, - деді жас ұстаз Айжан Байжұманова.

Мұғалім осындай жағдайлардан кейін сабақ басталар алдында оқушылардың телефонын жинап алып, сабақ аяқталған соң қайтарып беретінін де айтты. 

Ал тыңдағысы келмейтін оқушылардың телефонын кейде тәрбие ісі жөніндегі орынбасарға өткіземін. Бірақ жаңа сабақтың тапсырмаларын бергенде интернетті қажет болатын кездер де болады. Осындай кезде телефонды қажет етеміз. Өзіміз мұғалім болғандықтан телефонсыз, ноутбуксіз жүре алмаймыз. Себебі барлық құжатты электронды жүйеде тапсырамыз - онлайн мектеп, күнделік кз, - дейді ол.

Айжан Байжұманова өзі ата-ана ретінде мектепке баратын екі қызына сабаққа алаңдайтын болғандықтан телефон ұстатпайтынын айтты.

Ал Жаңақорған ауданында тұратын 11 және 9-сыныптарда оқитын апалы-сіңілі Іңкәр мен Гауһар да сабақ үстінде телефон қолдануға тыйым салу дұрыс деп есептейді.

Біз ұялы телефонды мұғалімнің жинап алғаны дұрыс деп ойлаймыз. Себебі оқушы сабақ үстінде ұялы телефонды ұстағанда сабаққа көңіл бөлмейді, бұл бір жағынан мектептің білім сапасын төмендетеді. Ал ұялы телефонсыз сабаққа қатысқан оқушының сабаққа қызығушылығы артады, білімі көбейеді, мидағы артық ойдан арылады, - деп ойларын айтты оқушылар.

Іңкәр мен Гауһардың айтуынша, өздері сабақ үстінде телефон қолданбайды.

Астаналық ата-ана Айнұр Тұмақбаева да мектепке баратын балаларына телефон бермейтінін айтты. Сөзінше, бала мектепте тек білім алуы керек.

Мен өз басым балаларыма мектепке телефон апаруға рұқсат бермеймін. Дегенмен бұл жаңалықты, яғни осындай бұйрықтың талқыға шыққанын естіп қуандым. Себебі бала мектепте сабақ оқуы керек. Бірақ іс жүзінде бәрі керісінше. Ұлым 4-сынып оқиды. Сыныптастары телефон апарып, сабақ үстінде ойнап отыратындарын айтады. Оларға қарап, балам алаңдайды. Сөйтіп өткен сабақты дұрыс түсінбей қалады. Бұл бұйрық жүзеге асса, мұғалімге де жеңіл болатын еді. Өйткені 45 минут бойы сабақ түсіндіре ме, әлде балалардың телефонын аңдып отыра ма? – дейді ата-ана.

Сөзінше, балалары баратын мектеп үйінің жанында орналасқан. Оның үстіне мүғалімі балалары сабақтан шыққан кезде ата-аналарға ескертіп отыратын көрінеді.

Өзгелердің жаңалығы