Мәжіліс депутаты Абзал Құспан арабша жазу жазылған Қазақстан туымен суретке түсіп, оны әлеуметтік желі арқылы таратқан төрт қыздың фотосына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
(Қыздарды – ред.) әкімшілік жауапкершілікке тартты. Бізде қылмыстың 4 құрамы болуы керек. Қылмыстың объектісі – объективті жағы, субъектісі – субъективті жағы. Егер қарапайым тілмен айтып түсіндіретін болсақ, олар қасақана түрде, әдейі осы іс-әрекетті жасаған болуы керек. Мен істің (діни жазуы бар туды ұстаған қыздардың фотосы туралы іс – ред.) мән-жайын білмеймін. Істі басында қылмыстық тәртіпті бастаған болатын, - деді депутат.
Оның ақпараты бойынша, бұл істе қылмыскерлер анықталмаған.
БАҚ-тың таратқан ақпаратына сүйенсек, қылмыс белгілері анықталмады. Себебі фото Wildberries арқылы тараған, яғни олар өздері жасамаған деген ақпарат шықты. Демек қыздардың қылмыстық пиғылы, ниеті болмаған. Ол (діни жазуы бар ту – ред.) басқа елде жасалып, сатылған деген ақпарат шықты, - деп түсіндірді Құспан.
Депутат сол себепті ауыр немесе жеңіл деп айтуға болмайтынын және мұндай шешімді сот қабылдап отырғанын жеткізді.
Бірақ болашақта бұл үлкен сабақ болады. Бұл бір жағынан көптеген азаматтың құқықтық сауатсыздығынан хабар береді. Енді болашақта мұндай әрекеттер жасалмайды деп ойлаймын. Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та бұл мәселенің кеңінен таралғаны жақсы сабақ болды, - деді мәжілісмен.
Абзал Құспан егер осыған ұқсас қылмыстар қасақана жасалса, онда қылмыстық тәртіпте жауапкершілікке тартылуы керек екенін қоса кетті.
Кеше арабша жазуы бар тумен фотоға түскен тағы бір қыз жазаға тартылды.
Атырауда туға арабша жазу жазғандар сотталды.
Бұған дейін Атырауда туға қатысты даулы сурет бойынша тергеу басталғанын хабарлаған болатынбыз.
Сондай-ақ, Туды қорлағандар неше теңге айыппұл төлейтінін де жаздық.