Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жезқазғанда мектептің электр сымынан от шығып, ғимараттан 640 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті.
19 қарашада сағат 11: 39 шамасында өртке қарсы қызмет бөліміне Жезқазған қаласының №3 орта мектебінде өрт болғаны туралы хабарлама келіп түсті. Өрт сөндірушілер оқиға орнына келген кезде еңбек кабинеті отқа оранған: жонғыш станоктар, жиһаздар, ағаш еден мен терезе жақтауларын от шалған. Өрт 12: 03 уақытында ауыздықталып, ол 12: 10-да толықтай сөндірілді. Өрт аумағы 60 шаршы метрді құрады. Өрт сөндіру қызметі келгенге дейін 640 адам эвакуацияланды, оның 540-ы оқушылар, - делінген хабарламада.Құрбан болған және зардап шеккен адамдар жоқ.
Алдын-ала болжам бойынша, от электр сымның тұйықталуынан шыққан. Өрт сөндіруге Қарағанды облысы ТЖД-ның 4 өрт сөндіру техникасы және 15 адамы жұмылдырылды. Полиция қызметкерлері мектеп аумағын қоршауға алды, - деп хабарлады комитеттегілер.