МӘМС: Сақтандырылмаған азаматтар емделе ала ма?

7 Ақпан 2020, 20:03
1513
Бөлісу:
МӘМС: Сақтандырылмаған азаматтар емделе ала ма?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биылдан бастап Қазақстанда медициналық көмек үш деңгей бойынша көрсетіледі.

Біріншісі – кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті. Екіншісі – сақтандырылғандарға арналған МӘМС пакеті. Үшінші деңгейге – ерікті медициналық сақтандыру және ақылы қызмет пакеті жатады.

Мемлекет қаражатына көрсетілетін тегін медициналық көмек пакетін сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамастан, еліміздің барша тұрғындары мен республикада тұрақты тұратын шетелдіктер пайдалана алады. Ал, сақтандыру пакеті медициналық көмекті кеңейтілген тізім бойынша ала алады.

Халық арасында өзін-өзі жұмыспен қамтыған, бірақ сақтандыру жарнасын төлеп үлгермеген азаматтар, сондай-ақ, оралмандар мен елімізде уақытша тұрып жатқан шетел азаматтары бар. Олар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін медициналық көмекті пайдалану үшін не істеуі керек?

Біріншіден, барлық азаматтар мен Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер тегін көмек пакетін теңдей пайдалана алады. Атап айтқанда, олар бұрынғыша емханаға барып учаскелік дәрігерге қарала алады, негізгі анализ түрлерін тегін тапсырады, жедел жәрдем шақырта алады. Сонымен қатар, шұғыл жағдайға душар болғанда кез-келген медицина ұйымында алғашқы көмек көрсетіледі.

Тегін медициналық көмек пакетіне енетін қызмет түрлері:

 Жалпы практика дәрігеріне (учаскелік дәрігер/терапевт) қаралу және консультация алу
 Зертханалық және диагностикалық зерттеудің негізгі түрлері (жалпы қан талдауы, жалпы несеп талдауы, биохимиялық қан талдауы, ультрадыбыстық зерттеу, ЭКГ т.б.)
 Профилактикалық тексерулер – онкологиялық скринингтер (жатыр мойны обыры, сүт безі және тоқ ішек обыры)
 Салауатты өмір салты мен репродуктивтік денсаулыққа қатысты консультациялар
Оған қоса, әлеуметтік маңызы бар аурулар мен негізгі созылмалы сырқаттарға шалдыққан пациенттерге консультативтік-диагностикалық көмек, гепатит, туберкулез, қант диабеті, артериалды гипертензия, ВИЧ/СПИД сынды т.б. ауруларға жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмек көрсетіледі. Дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз етіледі.

Алайда, сақтандырылмаған азаматтардың кез-келген уақытта жарна төлеп, МӘМС жүйесіне қатысуына және сақтандыру пакетіне енетін қызмет түрлерін пайдалануына толық жағдай жасалған. Жарнаны екінші деңгейлі банктер, "Қазпошта" бөлімшелері мен емдеу мекемелерінде орналасқан төлем терминалдары арқылы төлеуге болады.

Өзгелердің жаңалығы