Сәуірде туған саңлақтар

11 Сәуір 2020, 11:58
3037
Бөлісу:
Сәуірде туған саңлақтар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. "Сәуір айы – чемпиондар айы" десек қателеспейтін шығармыз. Оған себеп те жоқ емес.

Сөзімізге тұздық болсын, Қазақстан тәуелсіздік алған 30 жылға жуық аралығында алты жазғы, алты қысқы Олимпиада ойындарына қатысты. Осы жылдар ішінде Олимпиаданың ең биік шыңын 16 отандасымыз бағыныдырыпты. Соның ішінде үшеуі бір күнде дүниеге келген. Мұндай қызық болады. Тарқатып өтсек.

unnamed.jpg

1996 жылы АҚШ-тың Атланта қаласында жазғы Олимпиада ойындары өтті. Қатысатын мемлекеттер де, спортшылар да өте көп. Соған сәйкес бәсекелестік те жоғары. АҚШ-тың Атланта қаласындағы ойындарға елімізден 96 спортшы аттанды. Осылардың арасында, әсіресе, боксшылардың орны ерекше еді. Бас бапкер Әбдісалан Нұрмаханов мұхиттың әр жағында өткен төрт жылдықтың басты додасына 8 боксшыны баптап барды. Осылардың арасында 81 келіде сынға түскен Василий Жировке тең келер ешкім болмады. "Балқаштың жолбарысы" сол жылы үздік боксшыға берілетін Вэл Баркер кубогын да еншіледі.

Жиров 1974 жылы 4 сәуірінде дүниеге келген. Жировтың туған жылында да 4 саны көп кездеседі. Өзі мұның бәрі кездейсоқ емес деп санайды. Боксшы болуына көрген киносының да әсеріп болыпты.

b22ee7f43a08b1b2e493d658d57fa55b.jpg

Арада 4 жыл өткенде Жировтан кейін бокстан екінші алтынды түркістандық жас қыран Бекзат Саттарханов сыйлады. Марқұм Бекзат та 4 сәуір күні (1980 жылы) дүние есігін ашқан екен. Тірі болғанда биыл 40 жасқа толар еді.

Бір айта кетерлігі, Бекзатқа дейін бокс бойынша ұлты қазақ жігіттерінен Олимпиадада алтын алған ешкім болмады. Күміс, қола иелері баршылық, алайда, өзімізге ыңғайлы, қолбала саналатын осы бір жекпе-жек түрінен алтын жүлде керек-ақ еді. Сиднейден алдындағы Олимпиадаларда Серік Қонақбаев, Болат Жұмаділов, Ермахан Ыбырайымов, Болат Ниязымбетов жеңістің шыңына бір-екі қадам қалғанда ғана есе жіберіп жатты. Біздің қарагөздерге Олимпиада ойындарында бұйыратын алтын жүлде рингке Бекзаттың шығуын күтіп тұрды ма деп ойлайсың кейде. Себебі, Бекзаттан соң біздің қазақ боксшылары Олимпиадалардың ешқайсысынан жүлдесіз қайтпай келеді, Ермахан, Бақтияр, Бақыт, Серік, Даниярлардың жетістіктері осыған дәлел.

57daa498e74fe.jpg

Ал 2016 жылы Бразилия жерінде ешкім күтпеген жерден суда жүзуден 200 метр қашықтықта чемпион атанған Дмитрий Баландин де Василий мен Бекзат секілді сәуір айының төртінші жұлдызында өмірге келіпті.

Бір күнде үш чемпионның өмірге келуі сирек құбылыс деп бағалауға болады.

2019_02_03_20181226145625_66654.jpg

Сәуір айында тағы бірнеше чемпион боксшымыз дүниеге келген. Мысалы, әуесқой бокстан 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында қарсылас шыдатпаған Жәнібек Әлімханұлы 1993 жылдың 1 сәуірінде өмір есігін ашыпты. Жәнібек осы күні кәсіпқой рингте оза шауып жүр. Әзірге жеңілген жоқ. Басты мақсаты – кәсіпқой бокстың титулдарын жеңіп алу.

GGG.jpeg

Ал 8 сәуір кәсіпқой бокстағы жарық жұлдызымыз – Геннадий Головкиннің туған күні. Осы күні мұхиттың арғы жағында қазақтың көк туын желбіретіп жүрген оғлан 1982 жылы 8 сәуірде Қарағанды қаласында дүниеге келген. Головкин алдымен әуесқой бокста өзін мойындатты. 2003 жылы әлем чемпионы атанды, 2004 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдесіне қол жеткізді. 2006 жылдан бері кәсіпқой бокста жүр. Қазіргі кезде IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы. Осыған 42 жекпе-жек өткізіп, оның 40-ында жеңіске жеткен.

92C14D21-1025-43E3-B587-A89E105D87F0_w1200_r1.jpg

Алдағы Токио Олимпидасында еліміздің басты үміті саналатын боксшы Бекзат Нұрдәулетов 10 сәуірде туған. 

"Жаңаөзеннің жампозы" 81 келі салмақта былтыр чемпион атанды. Әсіресе, жартылай финалда Олимпиада чемпионы (2016) және әлемнің төрт дүркін жеңімпазы (2011, 2013, 2015, 2017) Хулио Ла Крузды жеңуі сол біріншіліктің сенсациясына баланған болатын.

Жақында Бекзат Иорданияның Амман қаласында өткен Азия және Тынық мұхит жағалауы елдері арасындағы Олмпиада ойындарының іріктеу кезеңінде жеңіске жетті. Енді боксшы 2021 жылы Токиода ел намысын қорғайды.

"Қазақтың салмағы" саналатын 69 келідегі төрт чемпионымыз болса, оның екеуі наурызда, екеуі қарашада дүниеге келген. Бақтияр Артаев 14 наурызда, Данияр Елеусінов 13 наурызда туған болса, Серік Сәпиев 16 қарашада, ал Бақыт Сәрсекбаев 29 қарашада жарық дүние есігін ашқан.
Өзгелердің жаңалығы