Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2019 жылдың 10 айында тегін скринингтік тексеру нәтижесінде сүт безі қатерлі ісігінің ерте сатысындағы 58 жағдай анықталды, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.
Скрининг тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында өткізіледі, бұл емдеу тиімділігін арттыруға және асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Қатерлі ісіктің пайда болуына ықпал ететін патологиялық өзгерістердің алдын алу, сондай-ақ ісіктерді ерте даму сатыларында анықтау үшін скринингтік тексерудің бірнеше түрі жүргізіледі.
Сол ретте қаланың медициналық мекемелерінде 30-дан 70 жасқа дейінгі әйелдер үшін жатыр мойны қатерлі ісігін ерте анықтауға арналған скрининг, акушер-гинекологтың тексеруі, көрсеткіштер бойынша кольпоскопия жасалады.
2019 жылдың 10 айында жатыр мойны қатерлі ісігінің скринингі бойынша 38 142 әйел тексерілді. Олардың төртеуінде ерте сатыдағы қатерлі ісік табылды. 289 жағдайда ісік алды жағдайы анықталды, - делінген хабарламада.Сондай-ақ, мамандар сүт безінің қатерлі ісігін ерте анықтау бойынша рентгенологиялық зерттеу (маммография), көрсеткіштер бойынша маммологтың, онкологтың тексеруін жүргізеді. Оны 40-тан 70 жасқа дейінгі әйелдерге өту керек.
2019 жылдың 10 айында елордада 28 748 әйел сүт безі қатерлі ісігін анықтауға арналған скринингтен өтті. 59 жағдайда қатерлі ісік анықталды, оның 58-і ерте сатыда. Ісік алды жағдайының саны - 309, - делінген хабарламада.Скринингтік тестілердің тағы бір түрі-50-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдерде колоректалды обырды ерте анықтауға тексеру, хирург, проктолог, гастроэнтерологтың тексеруі, көрсеткіштер бойынша тоқ және тік ішекті эндоскопиялық зерттеу (колоноскопия).
2019 жылы колоректалды обыр скринингі бойынша 32 786 адам тексерілді. Қатерлі ісік диагнозы 10 адамға қойылса, оның 7-еуінде ерте сатыда анықталды.