Коронавирус: СҚО-да тіркелген науқас 109 адаммен қарым-қатынас жасаған

1 Сәуір 2020, 12:13
2572
Бөлісу:
Коронавирус: СҚО-да тіркелген науқас 109 адаммен қарым-қатынас жасаған

Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Теріскейде коронавирус жұқтырғандар саны 3 адамға жетті. Оның екеуі Петропавл қаласының, біреуі Тайынша ауданына қарасты Келлеровка ауылының тұрғыны.

Коронавирус пандемиясы бойынша Солтүстік Қазақстан облысындағы жағдай Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифингте айтылды.

Сәуірдің алғашқы күнінен Қызылжар өңірінде қатаң шектеу шаралары қолға алынды. 
Ірі сауда орталықтары жұмысын тоқтатты. Тек дәріханалар, азық-түлік, құрылыс материалдары мен техникаға арналған қосалқы бөлшектер сататын дүкендер ғана жұмыс істейді. Қоғамдық орындарды маскасыз жүруге болмайды. 65 жастан асқан азаматтарға сыртқа шығуға тыйым салынған. Көшелерді дезинфекциялау жұмыстары қарқын алады, - деді СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің медициналық көмектің сапасы мен тәуекелдерін бағалау бөлімінің басшысы Арман Күшбасов.
   
Петропавл қаласында 9 блок-бекет орналытылған. Қазір облыс аумағындағы қозғалыс шектелді. Шаһарға арнайы рұқсат құжаттары бар жолаушылар ғана кіре алады. Олардың басым көпшілігі жақын маңдағы ауылдарда тұрып, облыс орталығында жұмыс істейтін азаматтар.

Үшінші науқастың жағдайы жөніде Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Айманов айтып берді. Коронавирус жұқтырған сырқат 109 адаммен қарым-қатынас жасап үлгерген. Оның 73-імен жақын араласқан.
Науқасты ауруханаға жедел жәрдем қызметі жеткізді. Қазір ол емделіп жатыр. Жағдайы қанағаттанарлық. Қарым-қатынаста болған адамдардың барлығы анықталып, карантинге жатқызылды, - деді Нұрлан Айманов.
Науқас тұратын үй бақылауға алынған. Тұрғындарға далаға шығуға тыйым салынған.

 

Өзгелердің жаңалығы