Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркия Ресейден сатып алған С-400 үлгісіндегі зениттік-зымырандық жүйенің екінші партиясын жеткізді. Бұл туралы Түркия Сыртқы істер министрлігі хабарлады.
Келісім бойынша Түркия Ресейден төрт дивизион зениттік-зымырандық жүйе сатып алады. Олар келесі жылдың сәуіріне дейін Түркияға жеткізіліп, қолдануға дайын болуға тиіс. Оған дейін ресейлік әскерилер Түркия сарбаздарына аталған техникалық жүйені қалай басқару керектігін үйретеді.
С-400 жүйесі Түркияға биыл шілдеден бастап тасымалдана бастаған.
Ресейден қару-жарақ сатып алғаны үшін Түркияны НАТОдағы ең ірі қатысушы - АҚШ сынға алып, санкция салатынын ескерткен болатын. Сонымен бірге, Түркияның бұл қадамы үшін F-35 үлгісіндегі бомбалаушы ұшақтарды сатудан бас тартқан. Ал ресми Анкара АҚШ-тың бұл әрекеті НАТОдағы мақсатына тура келмейтінін айтқан еді.