Астана, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы еліміздегі музейлердің беделі артуына себепші болды. Бұл жөнінде Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Жамал Ақпан мәлімдеді.
- Әулиеата жері – тарихқа бай өлке. Осы орайда, Тараз топырағынан табылып, облыстық музейге қойылған экспонаттар саны бүгінде нешеге жетті?
- Музей 1931 жылдың 25 тамызында құрылып, сол уақыттан бері үзіліссіз жұмыс істеп келеді. 87 жылдық тарихы бар бұл мекеме қорында барлық аудандарды қоса есептегенде 60 мыңнан астам құнды да бірегей жәдігер бар. Мұнда Қазақстан бойынша кездесе бермейтін кереметтей бағалы дүниелер қойылған. Музейде бір-біріне еш ұқсамайтын 17 зал жұмыс істейді. Облыстық бұл нысан өлкетану музейі болғандықтан, мұнда адамзаттың пайда болуына дейінгі кезеңнен бастап тәуелсіз ел атанған осы күнгі оқиғалар қамтылған.
- Жамал Әлімқызы, өзіңіз атап өткен 17 залдың ішіндегі ерекшесіне тоқталсаңыз.
- Бұл – музей жанынан 2002 жылы салынған киіз үй пішіндес зал. Ол көне түркілердің жазу-сызуы, өміріне арналған. Мұнда балбал тастарды, руникалық жазбаларды тамашалауға болады. Бұл залда бірде-бір көшірме жоқ, барлығы түпнұсқа болып табылады. Сол сияқты, Тараз қаласының 2000 жылдығына арналған зал бар. Ол шаһардың негізі қаланған сәттен бастап орта ғасырдағы көркейген кезеңіне дейінгі аралықты қамтиды. Мұнда да кілең түпнұсқа экспонаттар жинақталған.
- Сонда барлығы неше балбал тас бар?
- Жоғарыда атап өткен музей залында тұпнұсқа болып табылатын барлығы 50 астам балбал тас бар. Сондай-ақ, руникалық таяқшалар, руникалық жазуы бар балбал тастар, араб жазуы бар балбал тастар да бар. Жалпы, балбал тас – әлі де толық зерттеліп бітпеген, түрлі қайшы пікірлер тудыратын құпияға толы нысан.
- «Музейге сый» акциясы аясында халықтың белсенділігі қандай?
- Ұлттық музейден бастау алған бұл акция әлі де жалғасып жатыр. Жамбылдықтар ел тарихына деген жанашырлықпен музейге түрлі жәдігерлерді табыстауда. Күнде демесек те, айына бір-екі рет мұндай тартулар орын алып тұрады.
- Мысалы? Тарту етілген жәдігерлер қатарында қандай дүниелер бар?
- Тараздықтар ата-бабасынан мұра болып қалған текеметтерін, сандық-кебежелерін, киіздерін, әшекей ұйымдарын сыйға тарту етті. Сонымен қатар, күні кеше ғана Тараз қаласының азаматы VIII-IX ғасырға жататын қыш құмыраны алып келді. Құмыраны оның әке-шешесі бақшасын қазу барысында тауып алған екен. Бұл пішімі, сыртқы әсемдік оюлары ерекше бұйым. Әрі десе, еш бүлінбеген, ешқандай реставрацияны қажет етпейді.
- Бас-аяғы қанша бұйым музейге сыйға тартылды?
- Шамамен 200 астам жәдігер музей қорын толықтырды. Олардың біршамасы музей тақырыбына лайықты болса, экспозицияға міндетті түрде қойылуда. Тематикаға сай болмаса, онда музей қорында сақталады.
- Облыстық музей жылына неше адамды қабылдайды?
- 2018 жылы біз 30 мыңға жуық адамды қабылдадық.
- Сіздің байқауыңызша, музейге деген қызығушылық артып жатыр ма, әлде бәсеңдеуде ме?
- Шынымды айтсам, Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланғаннан кейін музейге келушілер саны едәуір ұлғайды. Музей беделін арттырды десек те болады. Себебі, мақалада аталғандай, әркім өз туған жерін музейге келу арқылы ғана жете тани алады. Себебі, оқып білу бір бөлек те, көзбен көру тіптен бөлек.
- Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Ақмарал Шағатай