Run for Autism: спорт пен мейірім тоғысқан жоба

"AMANAT" партиясының қолдауымен ауқымды жарыс ұйымдастырылды.

 "AMANAT" партиясының баспасөз қызметі Бүгiн 2026, 02:20
Бүгiн 2026, 02:20
143
Фото: "AMANAT" партиясының баспасөз қызметі

Астанада аутизмі бар адамдарды қолдауға арналған Run for Autism қайырымдылық жарысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іс-шара "AMANAT" партиясы мен қала әкімдігінің қолдауымен «Bolashak Charity» қорының бастамасымен ұйымдастырылды. Жарысқа еліміздің 26 қаласынан келген 5000 адам қатысты.

Ауқымды бастама Дүниежүзілік аутизм туралы ақпарат тарату айы аясында өткізіліп, қоғам назарын менталдық денсаулық мәселелеріне аударуға бағытталды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жарыс аутизмі бар жасөспірімдер мен ересектердің өмір сапасын жақсартуға, олардың әлеуметтік ортаға бейімделуіне қолайлы жағдай қалыптастыруды көздейді.

"AMANAT" партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің айтуынша, мұндай жобалар инклюзивті қоғам құруға нақты қадам болып саналады. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен тең мүмкіндік қағидаты аясында партия ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқанын жеткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, баршаға тең мүмкіндік жасау – Әділетті Қазақстанның негізгі қағидаты. «AMANAT» партиясы осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп, ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау, инклюзивті ортаны дамыту және тең мүмкіндік қалыптастыру бойынша нақты бастамаларды тұрақты түрде жүзеге асырып келеді. Бүгінгі Run for Autism қайырымдылық іс-шарасы – қоғамдағы жанашырлық пен бірліктің жарқын көрінісі. Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шетелден мыңдаған адамның Астана төрінде бас қосуы – инклюзивті қоғам құруға деген ортақ ұмтылыстың белгісі. Осындай игі жобалар арқылы біз әр адамның қоғам өміріне толыққанды араласуына жол ашамыз. Ең бастысы, бұл жарыс – мейірім мен қолдаудың үлкен мерекесі, – деді ол.

Ал "Bolashak Charity" қоры Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гапланның мәліметінше, Run for Autism бір реттік шарадан гөрі, түрлі өңірдегі адамдарды ортақ мақсатқа жұмылдыратын кең ауқымды қозғалысқа айналған. Оның айтуынша, жоба алғаш басталғанда аутизм тақырыбына қоғам назарын аудару көзделсе, бүгінде мыңдаған адамның қатысуы қоғамдық сананың өзгеріп, әлеуметтік бастамаларға қолдау күшейгенін көрсетеді.

Жарыс қорытындысы бойынша үздік шыққан қатысушылар медальдар мен дипломдарға ие болып, естелік сыйлықтармен марапатталды.

 

Наверх