Румыниялық инвестор Қазақстанда пластмасса өнімдерін өндірмекші

9 Сәуір 2021, 22:10
2054
Бөлісу:
Румыниялық инвестор Қазақстанда пластмасса өнімдерін өндірмекші

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Румыниялық инвестор Қазақстандағы пластмасса өнімдерін өндіру нарығында жетекші рөлге ие болуға дайын. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстанның Румыниядағы Елшілігі «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, Павлодар облысы Әкімінің орынбасары Сәкен Шаяхметовтің және Румынияның «Sterk Plast» пластмасса өнімдерін шығаратын компаниясының басшысы Али Исламбайдың, сонымен қатар Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, ҚР СІМ Инвестициялар жөніндегі комитеті, «QazTrade» АҚ» Сауда саясатын дамыту орталығы, «Павлодар» АЭА және «Нефтехим LTD» компаниясы» ЖШС өкілдерінің қатысуымен бейнеконференция форматында келіссөздер ұйымдастырды.

Онлайн-отырыс барысында «Павлодар» АЭА базасында тұрмыстық пластмассадан жасалған бұйымдар шығаратын зауыт ашу мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, тараптар көрсетілген инвестициялық жобаны іске асырудың логистикалық, салық және әкімшілік мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады.

Сонымен бірге, румын компаниясы өз өндірісінде постиндустриалды пластик қалдықтарын және Қазақстанның шикізатын пайдалануды жоспарлап отыр.

2000 жылы негізі қаланған «Sterk Plast» Румыния нарығында шапшаң орнығып, сапалы және тұрмыстық пластикалық бұйымдарды жасау өндірісінде көшбасшы болды.

Компания қалдықтарды жою арқылы тиімді басқаруға ерекше назар аударады. Атап айтқанда, ресурстарды тұтынуды және қоршаған ортаға әсерді азайтуға арналған энергияны үнемдейтін және өнімділігі жоғары машиналар өндірісте жұмыс істейді.

Өзгелердің жаңалығы