Румынияда 5,7 балдық жер сілкінісі болды

15 Ақпан 2023, 09:05
1493
Бөлісу:
Румынияда 5,7 балдық жер сілкінісі болды
Фото: bigox.kz

Румынияның оңтүстік-батысындағы Горж уезінде кеше Рихтер шкаласы бойынша 5,7 балдық жер сілкінісі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Жер физикасының дамуын зерттеу ұлттық институты NIEP мәлімдеді, деп жазды ҚазАқпарат Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.

Бұл Румынияда 2018 жылдың 28 қазанынан бері тіркелген ең күшті зілзала болды, ол кезде жерасты дүмпуінің магнитудасы 5,8 болған еді.

Тербеліс ошағы жақында ғана 5,2 балдық жер сілкінісі болған таулы аймақта 40 шақырым тереңдікте жатыр.

Дүмпу жерасты ошағынан оңтүстік-шығысқа қарай 300 шақырым жерде орналасқан ел астанасы Бухарестте анық сезілген. Құрбандар туралы әзірге ақпарат жоқ, дегенмен ошақ аймағындағы аудандарға айтарлықтай шығын әкелді, бір автокөлік ғимараттардың төбесінен құлаған қирандылардың астында қалды.

Кейінгі күндері Румынияда бірқатар жер сілкінісі тіркелді – жақында алтауы болса, бүгін бесеу тіркелді.

Румыния Еуропадағы белсенді сейсмикалық аймақтың біріне жатады. Елде тереңдігі 70-200 шақырым болатын, магнитудасы 7,0-ден 7,8-ге дейін жететін бірнеше зілзала тіркелген. 1977 жылы наурызда болған 7,2 балдық зілзала салдарынан мыңнан аса адам қаза тауып, мыңдаған үйлер қираған.

Румыния мен Түркия түрлі тектоникалық тақтада орналасқанымен Түркия мен Сирияда жойқын зілзала болған 6 ақпан таңда Румынияда да қатарынан 5 жер сілкінісі тіркелген. Ең күштісінің магнитудасы Рихтер шкаласы бойынша 4,6-ға жетті.

Өзгелердің жаңалығы