Рухия Байдүкенова «Азия дауысы» байқауын қайта жаңғыртуды ұсынды

3 Желтоқсан 2021, 12:32
1562
Бөлісу:
Рухия Байдүкенова «Азия дауысы» байқауын қайта жаңғыртуды ұсынды
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойын қорытындылауға арналған іс-шарада әнші Рухия Байдүкенова «Азия дауысы» байқауын қайта жаңғыртуды ұсынды. 

Салтанатты іс-шараға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Қырғызстанның Мемлекеттік хатшысы және қоғам қайраткерлері мен ақын, жазушы және әншілер қатысты. 

Жиын барысында жастар билік өкілдеріне өздерінің ұсыныс, өтініштерін білдірді. 

Мәңгілік елде мәңгілік ән байқауы болуы керек. 1990 жылдары ашылған «Азия дауысы» байқауы 2005 жылы жабылып қалды. Осы байқауды қайта жаңғыртуға көмектессеңіздер. Өйткені бұл байқау мәдениетімізді әлемге насихаттауға көмектеседі, – деді әнші. 

Өз кезегінде Қырымбек Көшербаев бұл ұсынысты қолдайтынын жеткізді. 

Бұл байқауды кезінде Мұрат Ерғалиев, Сергей Понамарев және тағы басқа азаматтарымыз ұйымдастырып, көптеген жас таланттың бағын ашты. Ол мәдениетімізді әлемге танытып қана қоймай, туризмді де дамытуға септігін тигізеді. Ералы Ұлықпанұлы екеуіміз екі жақтап кіріссек, бұл байқауды жалғастыруға болатын шығар, – деді Мемлекеттік хатшы. 

Айта кетсек, Алматы облысындағы Жамбыл ауылында ақын Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойын қорытындылауға арналған іс-шара өтті.

Өзгелердің жаңалығы