Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Тоқсан жылға таяу тарихы бар Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайы облысымыздағы іргелі мәдени орталықтардың бірі. 1932 жылы ашылған музейде Қарағанды облысының территориясына, тарихына, халқына, өнеркәсібіне, мәдениетіне қатысты құнды жәдігерлер мен тарихи құжаттар жинақталған.
Мәдени орталықтың басшысы Ержан Нұрмағамбетов өлке шежіресінің орталығына айналған мұражайдың бүгінгі тыныс-тіршілігін баяндап, алдағы жоспарларымен бөліскен болатын.
- Ержан Нұрланұлы, тоқсан жылдық тарихы бар мұражайдың қорында қазіргі уақытта қанша экспонат бар?
- Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайы - еліміздегі байырғы музейлердің бірі. 1932 жылы ашылған музей қорында қазіргі уақытта жиынтығы 150 мыңнан астам жәдігер бар. Экспонаттар мұражайдың 16 экспозиция залында орналасқан. Мұражай қорындағы құнды жәдігерлер мен бірегей экспонаттар арқылы Қарағанды аймағының тарихымен, табиғатымен танысып, өңір тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін көруге болады.
- Музей қорын жәдігерлермен толықтыру қалай жүргізіледі? 2020 жылы мұражай қоры қандай жәдігерлермен толықты?
- Біздің музейде қор сақтау, қазіргі заман тарихы, бұқаралық-экскурсиялық, ғылыми-әдістемелік және жалпы тарих, археология және этнография бөлімдері жұмыс істейді. Мұражай қоры ғылыми-жинақтау, археологиялық қазба жұмыстары барысында және қала тұрғындарының жәдігерлерді музейге тапсыруымен, сондай-ақ, сатып алумен толықтырылады. Өткен жылы музейіміз бірнеше құнды жәдігермен толықты. Атап айтсам, «Болған ана» кесенесін зерттеу барысында табылған алтын тостаған мен алтын сырғалар және сүйектен жасалған бұйымдарды біздің мұражайдан көруге болады. Бұл жәдігерлер ХІІІ – ХІҮ ғасырларға тиесілі. Сондай-ақ, өткен жылы музей қоры қазақ халқының ұлттық киімдерінің үлгілері, қазақ киіз үйінің жабдықтары, тұрмыстық заттары әкелінді және зергерлік әшекейлер коллекциясымен толықты. ХІХ ғасырдың музыкалық аспабы грамофон сатып алынды. Сонымен қатар, ағаш табақ, мамонттың мүйізі реставрациялаудан өтті.
- Ержан Нұрланұлы, музейдің ғылыми-зерттеу және жинақтау жұмыстары қалай жүргізілуде?
- 2020 жылы Талды тарихи-археологиялық паркінің ескерткіштерінде археологиялық зерттеулер жүргізіліп, тарихи-археологиялық парктің Мұртты қорған және Бүйректі патша қорғаны ескерткіштерінде ғылыми-реставрациялық жұмыстар жасалды. Ақтоғай ауданындағы XIX ғасырға тиесілі Сүттібай кесенесінде және Дайыр төре кесенесінде қалпына келтіру және абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
- «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында орындалған жобаларға тоқталсаңыз...
- Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық құжаты мұражайдың музейлік білім беру бағдарламасына жаңа бетбұрыс берді. Сондай-ақ «Туған Жер» бағдарламасы аясында жасалған мектептің жаңа оқыту бағдарламасына музейлік сабақтар мен тақырыптық экскурсиялардың сұранысы арта түсті. Өткен жылы «Ұлы даланың ұлы тұлғалары», «Дәстүр мен ғұрып» бағдарламалары аясында «Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» атты онлайн бейне айдар ұйымдастырылып, оның аясында әртүрлі тақырыптар бойынша экскурсиялар өткізілді. Экскурсиядағы «Қазақтың ұлттық әшекей бұйымдары», «Бесікке салу», «Қырқынан шығару», «Тұсау кесу рәсімдері, ««Қыз мұраты кету», «Киіз үй – көшпелі мәдениеттің үздік туындысы», «Қазақ халқының ұлттық киімдері», «Ұлтымыздың құнды мұрасы – ұлттық ойындар» атты тақырыптар көрермендердің көңілінен шықты деген ойдамыз.
- Пандемияның музейдің жұмысына қандай әсері болды? Мұражайға келушілердің қатары азайған болар?
- Әрине, пандемия облыстық тарихи-өлкетану музейінің жұмысына да кері әсерін тигізді. Карантиндік шараларға байланысты музейге келушілердің көрсеткіші күрт азайды. 2018, 2019 жылдары жыл сайын музейге келушілердің саны 150 мыңнан асып жығылатын. Ал өткен 2020 жылы тек 35 мың көрерменге қызмет көрсеттік. Ғылыми-экспозициялық және көрмелік жұмыстардың да саны азайды. 2019 жылы 90-ға тарта көрме ұйымдастырылса, 2020 жылы тек 46 көрме өткізілді. Дегенменде пандемияға байланысты онлайн шаралар көптеп ұйымдастырылды. Қарағанды облысы музейлерінің өлкетану сабақтары бойынша YOUtube каналына 100 видео салынды, оның ішінде «Сарыарқа қазынасы» деректі фильмі 12 видеоны құраса, 88 видео Қарағанды облысы музейлерінің өлкетану сабақтары. Музейдің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында тұрақты түрде жарияланып тұратын 12 жоба жүзеге асырылды. Онлайн жобалар әлеуметтік желілерде #сарыарқақұндылықтары, #тарихиоқиғалар, #сенбілесіңбе, #ойлантап хэштектерімен жарияланды. Онлайн жобалардың ішінде «Жұлдыз құрақ», «Майдан хаттарынан», «Жеңіс сарбаздары», «Дәуір. Тұлға. Қоғам», «Ұлы даланың ұлы тұлғалары», «Дәстүр мен ғұрып», «Орталық Қазақстанның көне архитектуралық ескерткіштері» атты тақырыптар болды.
- Ержан Нұрланұлы, биылғы жоспарларыңыз қандай, бүгінгі таңда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
- Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіз Қазақстан табысының 30 қадамы» жобасы қолға алынады. Облыс музейлерімен бірлесе отырып, жүзеге асырылатын жобаның мақсаты – Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы даму тарихын көрсету, дәріптеу және насихаттау. Сондай-ақ, Қарағанды облысының 85-жылдығына орай «Облыстың 85 тарихы» - «region 09: 85 тарих, оқиғалар мен фактілер» жобасы жасалады. Жобаның мақсаты – аймақ тарихын халық арасында танымал ету. Орталық Қазақстан ежелгі ескерткіштерге, қасиетті жерлерге және терең тарихқа толы өңір. Сондықтан да, бұл жобаның да маңыздылығы зор деп есептеймін. Сондай-ақ, Халықаралық ескерткіштер және тарихи орындар күніне орай Қарағанды облысы аумағындағы киелі тарихи маңызы бар ескерткіштерге эко-тур ұйымдастырылды. «Сакралды Сарыарқа» – Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиясы онлайн жобасы да көрермен көңілінен шығады деген ойдамыз. Бұл жоба Қазақстанның кеңінен танымал мәдени мұра объектілері, табиғи орындар, сонымен қатар елдің саяси оқиғаларына байланысты ескерткіштерін танымал ету мақсатында қолға алынған. Жобаға Қарағанды облысының да республикалық және аймақтық маңызы бар қасиетті жерлері кіреді.
- Сұқбатыңызға рақмет!