Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева қоғамдық сананы жаңғырту бойынша Ұлттық комиссия отырысында осылай деді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, қазіргі таңда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мемлекеттік идеологияның маңызды бағыты ретінде қажеттілігінде қоғам тарапынан да, мемлекет тарапынан да күмән жоқ. Осы уақытқа дейін алты бағыт бойынша 13 жоба бекітіліп, оның аясында 10 мыңнан астам іс-шара өтті. Әрине, бұл жерде біз үшін маңыздысы – сан емес, сапа. Өйткені, тәжірибе көрсеткендей, кей жерде есептілік, науқаншылық сияқты үрдістер орын алғаны жасырын емес. Бұл туралы Елбасымыз да нақтылап айтқан болатын. Сол себепті, өңірлердегі барлық іс-шараға қайта талдау жасалып, рухани жаңғыруға қатысы жоқ бірқатар шара қысқартылды. Мәселен, былтырғы жылдың жоспарында 229 іс-шара көзделген болса, биыл барлығы 97 тармақ, - деді ол.
Министр бүгінгідей ақпараттық заманда кез келген бастаманың баяндылығы елге жөні дұрыс, қолжетімді, көзге көркем ақпараттың берілуіне тікелей байланысты екенін атап өтті. Сол себепті де ең алдымен бағдарламаның біртұтас ақпараттық жүйесі қалыптастырылды.
Оның негізгі құралы ретінде арнайы «Ruh.kz» бірыңғай интернет-порталы, «Азаматтық алаң» пікірталас орталығы мен республикалық БАҚ және әлеуметтік желілерде жұмыс жүргізетін баспасөз қызметі құрылды. Соның арқасында 2020 жылда бұл бағытта ұзын саны 19 мыңнан астам ақпараттық материал жарияланды. Соның ішінде, қазақстандықтардың 70%-ы интернет желісінде отыратындығын ескере келе, оның 15 мыңнан астамы интернет пен әлеуметтік медиада жарияланды. Әрине, бұл ретте ірі медиа-жобалардың орны бөлек. Осы орайда, отандық телеарна экрандарынан жыл басынан бері 29 деректі фильм, 122 арнайы бағдарлама, 142 танымдық роликтер топтамасы көрсетілді. Нәтижесінде, тұрақты ақпараттық фон қалыптасып, бағдарламаға деген елдің назары арта түсті. Әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, «Рухани жаңғыру» туралы осы күні халықтың 80,7% хабардар болса, 32,6% азаматымыз бағдарлама жұмысымен тікелей қамтылған, - деді ол.
Аида Балаева кез келген жұмыстың жемісті болуы терең ғылыми негіз бен сол бастамаға шын жанашыр маманға байланысты екенін жеткізді.
Осыған орай, министрлік жанынан арнайы Қоғамдық даму институтының қызметі жолға қойылды. Оған бағдарламаға ғылыми-сараптамалық жетекшілік ету міндетімен қатар, өңірлік кеңселердегі мамандарға әдістемелік-методологиялық көмек көрсету жұмысы жүктелген. Осы жылдың өзінде Институт күшімен 26 ғылыми іс-шара, 30 әлеуметтік зерттеу, 5 сараптамалық баяндама дайындалып, жауапты мемлекеттік органдарға ұсынылды. Өлкелерде 13 практикалық семинар мен 30-дан астам вебинар өткізіліп, «Рухани жаңғырумен» айналысатын 500 маман білімін шыңдады, - деді министр.