«Рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғамның рухани-мәдени өміріне тың серпін берді – Уәлихан Ибраев

9 Маусым 2021, 14:03
4426
Бөлісу:
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғамның рухани-мәдени өміріне тың серпін берді – Уәлихан Ибраев

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рyхани жаңғырy» және «Ұлы даланың жетi қыры» мақалаларын жарыққа шығарып, сол арқылы қазiргi заманғы қазақстандықтың рухани болмысы мен кескiн-келбетiн айшықтап қана қоймай, санасын сергiтyдiң нақты мақсат-мiндеттерін көрсетiп бердi. Сыр жұртшылығы осы бағдарламалардың мән-маңызын ә дегеннен терең түйсiніп, аyқымды iстерді қолға алды. Тіпті, елімiздің өзге өңірлерiне, түбi бiр түркi жұртына «Сыр – Алаштың анасы» деген атына лайық үлгі көрсетіп келедi. Қызылорда облысының Ішкі саясат басқармасына қарасты «Рухани жаңғыру» орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Уәлихан Ибраев бізге берген сұхбатында осындай пайым-пікірін білдіріп, көптеген сұрағымызға тұшымды жауап қатты. 

– 4 жыл iшінде Pyхани жаңғырy бағдарламасының басты жетістiгі не болды деп санайсыз?

– Осыдан төрт жыл бұрын, яғни 2017 жылдың 12 сәуірінде Тұңғыш Президентіміз - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарық көрді. Алғашында мақала болып жарияланғанымен, кейін ауқымы кеңейтіліп, бағдарлама ретінде қабылданды.

Бағдарлама ұлтты ұйыстыратын, қазақстандықтардың бірлігін арттыратын, ескіден арылып, жаһандық үдеріс кезінде ұлттың кескін-келбетін сақтайтын бірегей бағдарлама. Заманауи Қазақстанда білім мен ғылымның, ауыл мәселесінің шешілуіне және басқа да түрлі бағыттың дамуына едәуір серпіліс берілді.

Бағдарламаның негізгі 6 бағыты Тұлғаны дамыту (білімнің салтанат құруы, прагматизм, бәсекеге қабілеттілік, сананың ашықтығы), Ұлттың дамуы, халықаралық позициялау (ұлттық бірегейлікті сақтау) және Мемлекеттің, азаматтық қоғамның, жергілікті қоғамдастықтардың дамуы (мемлекеттің революциялық емес, эволюциялық дамуы) секілді негізгі 3 бағытқа топтастырылған.

Аталған бағдарлама мен «Ұлы Даланың 7 қыры» мақаласынан туындайтын мәселелерді жүйелі орындау мақсатында барлығы 17 арнайы жобамен жұмыс жүргізілуде.

Бүгінде, бизнес өкілдерінің бағдарламаға қатысуы артып келетіндігі қуантады. Әсіресе, меценаттық, демеушілік, тұрмысы төмен отбасыларға жәрдемдесу, туған ауылдарына қарайласу сияқты жұмыстар кәсіпкерлеріміздің әлеуметтік жауапкершілігінің артқандығын көрсетеді.

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы көпшіліктің ерекше назарын аударды. Жоба аясында әлемнің ең үздiк 100 оқyлығы ана тiлiмiзге аyдаpылды. Еліміздің барлық жоғары оқу орындарына аталмыш кітаптар тегін жеткізіліп, жастарымызға әлемдік деңгейдегі оқулықтармен танысуға керемет мүмкіндік жасалды. Мұндай ауқымды жоба әлемнің басқа елдерінде жүзеге аспағанын айта кетуіміз керек.

2017 жылы Елбасы бастамашы болған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғамның әлеуметтік және рухани-мәдени өміріне тың серпін беріп, ел дамуының жаңа биігін белгіледі.

Төрт жыл көп уақыт емес. Алайда, осы жылдар аралығында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы өзінің маңыздылығын дәлелдеп, халықтан жоғары бағасын алды деп есептеймін.

– Елімізде «Рухани жаңғыру» деген айдармен қисынға келетін, келмейтін іс-шаралар көбейіп кеткен сияқты. Сіздіңше, бағдарламаның бастапқы мақсаты қаншалықты орындалып жатыр?

- Иә, сұрағыңыз өте орынды. Шын мәнінде бастапқы кезде бағдарламадан туындайтын міндеттер мен мақсаттарды түпкілікті түсінбей бағ­дарламаға мазмұндық жағынан сай келмейтін шараларды «Рухани жаң­­ғырудың» есебіне енгізіп жіберу көптеп кез­десетін. Мұндай әре­кет­тер бағ­дарламаға нұқсан келтіреді. Әсіресе бағдарламаның шынайы мазмұнын төмендетіп, құнын түсіретінін түсінеміз.

Аталмыш қателіктерді болдырмау бағытында, Орталық атқарушы органдар тарапынан осы бағдарламамен тікелей айналысатын құзырлы мекеме қызметкерлеріне оқыту курстары мен біліктілік арттыру семинарларын, ақпараттық-әдістемелік көмектер көрсетті.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын қабылдаған кездегі негізгі мақсат сана-сезімімізді, ұлттық дәстүріміз бен құндылықтарымызды одан әрі дамыту болатын. Алайда бұл мақсатқа қол жеткізу үшін билік-қоғам-адам болып бірлесе жұмыс істесек қана, жүзеге асатыны сөзсіз. Сон­дықтан барлық қоғам өкілдері, зиялы қауым, жекелеген азаматтар болып жұмыла атсалысуымыз қажет.

Бүгінде бағдарлама Ұлттық жаңғыру кезеңіне өтіп, оны жүзеге асыру барысында білім және ғылымға құштарлық, прагматизм, еңбексүйгіштік, ұлттық және өркениеттік құндылықтарды насихаттау, құқықтық сауаттылық шараларына басымдық берілуде.

– «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасынан кейін рухани жаңғыру орталықтары құрыла бастады. Осы ретте Сыр өңірі алғашқылардың бірі болды. Содан бері сіз басқарып отырған орталық қандай жобаларды жүзеге асырды және олардың эффектісі қандай болды?

– Дұрыс айтасыз, елімізде алғашқылардың бірі болып «Рухани жаңғыру» орталығы біздің облыста құрылды. Төрт жыл ішінде орталықта білікті ғалымдар мен зерттеушілер, ақын-жазушылар қызмет етті. Орталық жас мамандардың біліктілігін шыңдаған үлкен ұстаханаға айналып үлгерді.

Орталық ұжымының тікелей атсалысуымен өңірімізде түрлі бағыттар бойынша толымды істер жүзеге асырылды. Атап айтқанда, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы бойынша өлке тарихын кеңінен насихаттау мақсатында «Туған өлке» ғылыми жобалар байқауы жүзеге асырылды. Жаңақорған, Шиелі, Сырдария, Жалағаш, Қармақшы, Қазалы, Арал аудандарында ҚР БҒМ Ғылым комитетінен қолдау тапқан «Аймақ эпиграфикасы: Рухани жаңғыру және ұрпақ сабақтастығы» гранттық жобасы жүргізілді.

Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен өңірлік киелі жерлер мен сакралды ескерткіштерді насихаттау мақсатында «Сыр өңірінің сакральды ескерткіштері: аңыздар, мифтер, хикаяттар» жобасы іске асырылды.

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай «Қазақстанның киелі жерлер картасына» енген 12 нысанның 11-іне орталық қызметкерлері арнайы сапармен барып, документалды роликтер әзірленді. Орталықтың Youtube хостында «Ғасырлар құпиясы» айдарымен жарияланып, халықтың назарын аударды. Мәселен, «Жанқожа батыр» туралы жасалған бейнероликті екі мыңға жуық, «Хорасан баба» туралы материалды мыңнан астам адам тамашалап, бөліскен.

«Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы бойынша «Өзекті ауыл өмірі. Қарбалас қала тірлігі» қала мектептері оқушыларының ауылға экскурсиясы, облыстық «Village life» атты экскурсиялар желісі және т.б шаралар ұйымдастырылып, жастар тарапынан зор қызығушылыққа ие болды.

Бәсекелік қабілет бағыты бойынша «Болашақ» университетінде «KazRoboSport-2019» «KazRoboSport-2019» тақырыбында робототехникадан облыстық іріктеу чемпионат, «Robo Fest» облыстық балалар фестивалі, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ «Біздің Pride» авторлық бағдарламасы, «Business-START» инновациялық жобалары, «Zhas Tour» жобасы және таңғы да басқа ауқымды жобалар жүзеге асырылды.

«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының «Атқа міну мәдениеті» жобасы бойынша атқа міну мәдениетін насихаттау және ат спортын бұқаралық деңгейге көтеру мақсатында облысымызда ауқымды шаралар желісі ұйымдастырылды. Бастысы, 2018 жылдың қараша айында «Қалалық ат спорты клубы» ашылып, басқа да аудандарда осындай клуб ашу қолға алынды. Тікелей осы клубтың қатысуымен Арал, Жаңақорған аудандарында аламан бәйге ұйымдастырылса, Жаңақорған ауданы «Талдысу» лагерінде жас жеткіншектерді Елбасы мақаласындағы атқа міну мәдениетімен таныстыру, ұлттық спортты ұлықтау мақсатында танымдық шара өткізілді.

«Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі» жобасы бойынша «Сырдың өнері – таусылмас азық, жұтамас байлық» қолөнер көрмесі және тағы да басқа жобалар жүзеге асырылуда.

«Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасы бойынша халық арасында ұмытылып бара жатқан жыр-термелерді, мақам-саздарды, күйлерді қайта жаңғыртып келешек ұрпаққа табыстау, Қорқыт мұраларын жан-жақты насихаттау мақсатында мәдениет ұйымдарында қобыз үйірмелері ашылды.

«Қорқыттың даналық сөздері» атты кітабы 3 тілде (қазақ, орыс, ағылшын) жарық көрді. Бұл жоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрілігі тарапынан жылдың үздік жобасы тізіміне енді.

Сонымен қатар өз саласы бойынша жетістікке жеткен, жастарға үлгі боларлық азаматтарды танымал ету, қызметін, еңбек жолын жастар арасында насихаттау және ауылдық елді-мекендерді мемлекеттік қолдау туралы материалдарды интернет-ресурстарда орналастыру және әлеуметтік желілерде ілгерілетуді ұйымдастыру мақсатында «Тұлға» жобасы қолға алынды.

2020 жылдан бүгінгі күнге дейін Youtube хосты мен әлеуметтік желілердегі парақшаларда 28 бейнебаяндар орналастырылып, халық арасында таратылды. Аталмыш жобаға облыстық ішкі саясат басқармасы қолдау білдіріп, қазіргі таңда облыстық БАҚ-та кеңінен насихатталуда.

Бастама желі қолданушылары арасында танымал болып, білімге құштарлықты және бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында мотивациялық посттар саны артты. Аталмыш жобамыз ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Үздік жобалар – 2020» жинағына енгізілді. Бұл да біз үшін үлкен жетістік, еңбегіміздің нәтижесі.

– Бағдарлама аясында бірқатар әлеуметтік жоба жүзеге асып жатқанын білеміз. Осы ретте кәсіпкерлердің белсенділігі қандай? Туған жеріне туын тігіп жатқан азаматтарымыз жайлы не айтасыз?

– 2020 жыл – ғаламдық экономика мен халықтың өмір сүру қалпын мүлде бағдарламаған бағытқа бұрған аса қиын жыл болды. Осы тұста адамзат тағдыры іскер қоғам мүшелері мен жомарт жүректі азаматтарға қарады.

Ел болашағына бей-жай қарамайтын Сыр бойылықтар да аталған сапта бой көрсетті. Былтырдың өзінде демеушілер есебінен облысымызда 666,1 млн жуық қаржыға жаңадан 9 объекті салынып, 6 объектіні қайта жөндеу бойынша жұмыстар жүргізілді.

Сондай-ақ «Мектебіме тағзым» акциясы аясында Қызылорда қаласындағы №140 қазақ орта мектебінің түлегі, «Казинтерсервис» компаниясының басшысы Төлепов Төлебай Таңқыбайұлы 26 млн теңге қаржылай көмек көрсетіп, өзі білім алған мектепті жаңа физика, химия, робототехника кабинеттерімен жабдықтап берді.

Биыл мұндай игі бастамалар жалғасын табады деп сенемін. Мәселен, жақында ғана аймағымызға белгілі жас кәсіпкер Мағжан Ерәлиев өз қаражаты есебінен қаламыздағы Ақмешіт мөлтек ауданы балаларына ойын алаңын салып берді. Бұл жұмыстарға ол 8 млн. теңге қаржы жұмсаған.

Халықтың ыстық ықыласы мен құрметіне ие болған азаматтарды, үкіметтік емес ұйымдарды, жалпы белсенді азаматтарды ынталандыру, оларға құрмет көрсету мақсатында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында дәстүрлі түрде «Жомарт жүрек» сыйлығы тағайындалып келеді.

– «Жүз жаңа есім» жобасына тоқталып өтсеңіз...

– Аталған жоба тәyелсiздiк жылдаpы Қазақстанның дамyына елеyлi үлес қосқан азаматтаpдың табысқа жетy, бәсекеге қабiлеттiлiк, пpагматизм және бiлiмге құштарлығы идеялаpын iлгеpiлетy мақсатында жүзеге асып келеді. Биыл жетi бағыт, атап айтқанда, қоғам, мәдениет пен споpт, медицина, ғылым мен инновация, бизнес, экология және бiлiм бойынша 2790 қазақстандық жобаға қатысyға өтiнiм беpдi.

Жоба заманаyи Қазақстанды бейнелейтiн табысты адамдаpдың таpихын, оның түpлi қызмет салалаpындағы табыстаpы мен жетiстiктеpiн көpсетyге аpналған. Осы yақыт iшiнде екі жүзге жуық қазақстандық жоба жеңiмпазы атанды. Бұл тізімде біздің де жерлерстеріміздің болуы көңілге қуаныш ұялатады. Атап айтар болсақ, аудармашы, психолог Сымбат Әбдірахманова, ғалым-селекционер, ауыл шаруашылық ғылымдардың докторы Александр Подольских, кәсіпкер Айдос Сайлығараев, еліміздегі арулар арасынан шыққан тұңғыш халықаралық әскери корреспондент, фотограф Назгүл Кенжетай, алтынқол дәрігер Болатбек Баймаханов, спортшы Әсел Далиева және т.б..

Бүгінде жоба жеңімпаздарының қатысуымен түрлі бағыттағы шаралар өткізіліп, оларға барлығы 15 238 адам қамтылды. Білікті психолог Абдрахманова Сымбаттың бастамасымен онлайн психологиялық көмек көрсету, спортшы Әсел Далиеваның қатысуымен тоғызқұмалақтан шеберлік сағаттары, кәсіпкер Айдос Сайлығараевтың кәсіпкерлік негіздері бойынша семинар-тренингтер жобасы жүзеге асырылуда.

Жеңімпаздарды насихаттау мақсатында Қызылорда қаласында және барлық аудандарда тақырыптық баннерлер орналастырылған.

Бұл азаматтар Елбасының сөзімен айтқанда қазіргі медиа мәдениетті қалыптастыратын, өмірдің өзінен алынған шы­найы болмыс иелері деп білеміз.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы жастарға білім мен тәрбие беруде қандай жетістіктерге қол жеткіземіз деп ойлайсыз?

– Жаһандану уақытында ұлт ретінде жойылып кетпеу үшін ұлттық кодын сақтаған, терең білімді, бәсекеге қабілетті, ұлттық құндылықтарын бойына сіңірген ақыл-ойы кемел тұлға қалыптастыру мемлекеттік маңызды іс. Осы орайда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызы зор деп есептеймін. Бұл бәсекеге қабілетті, әлемдік деңгейде танылған әрі дамыған рухани кемел ел болуға ұмтылу. Бағдарлама аясындағы әрбір ауқымды жобаның артында осындай жауапкершілік тұр.

Бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы білім саласына, жастарға соны серпін, тың бастамалар мен жобалар ұсынды деп білемін. Оны жүйелі жүзеге асырсақ тәрбие көзі бола алатын тарихты да, саф алтындай бізге жеткен асыл сөзді де, асқақ рух иелері болған, балаға үлгі бола алатын дана да батыр бабаларымыздың ерлігін де кейінгі ұрпаққа қаймағын бұзбай жеткіземіз деп сенемін.

Мәселен, жоғарыда атап өткен, «Жаңа гуманитарлық білім, қазақ біліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының маңызы ерекше. Бұл қайнар білімнің бастау бұлағы, еліміздің білім саласында жасалған соны серпіліс, тың бастама.

Бағдарлама аясында жастар арасында туған жеріне, өскен ортасына сүйіспеншілігін арттыру мақсатында «Өлкетану» оқулықтары дайындалды. Бүгінде облыс бойынша барлық мектеп аталған оқулықпен қамтылды (45 000 дана кітап).

«Өлкетану» курсының материалдары 5-7 сыныптардағы «Қазақстан тарихы», «Қазақ әдебиеті» (қазақ тілді емес емес мектептерге «Қазақ тілі мен әдебиеті»), «География», «Музыка», оқу пәндерінің аясында оқытылады. Бүгінгі күні, «Өлкетану» пәніне қосымша хрестоматия есебінде «Қызылорда облысының жануарлар әлемі», «Қызылорда облысының географиясы» таратылып пайдалануда.

Youtube жүйесінде «Оқу сағаты» айдарымен Қызылорда облыстық білім басқармасының қашықтықтан оқытуға арналған арнайы бейнесабақтар топтамасы (видеоканалы) ашылған.

Қазіргі таңда Бағдарлама аясында «Кемел болашақ орталығы» жобасы әзірленуде. Аталған жоба аясында балабақша тәрбиешілеріне, мектеп мұғалімдеріне, оқушылар сарайлары жетекшілеріне, ТжКБ және ЖОО оқытушыларына арналған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қағидаттары негізінде барлық деңгейдегі білім беру мекемелерінде тәрбие жұмысын ілгерілету мақсатында әдістемелік көмектер көрсетіліп, заманауи тәсілдерді үйрету бойынша кешенді шараларды қамтитын жүйелі жұмыс жүргізіледі.

– Рухани жаңғыру орталығы мемлекеттік мекеме болып қайта құрылыпты. Ендігі жоспарларыңыз қандай?

– Қызылорда облысы әкімдігінің 2 наурыздағы № 221 Қаулысы негізінде Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасының «Рухани жаңғыру» орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылдық. Бүгінде мекеме 4 бөлімнен, 19 штаттық бірліктен тұрады.

Орталық құрылған күннен бастап өңірдегі азаматтық қоғам институттарымен, жоғары оқу орындары, мәдениет, білім беру мекемелерімен бірлесіп қызмет атқарып келеді.

Бағдарлама аясындағы негізгі шаралар 2021 жылы республикалық деңгейде аталып өтілетін атаулы даталар Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы, Ыбырай Алтынсаринның 180 жылдығы, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, Әлихан Бөкейханұлының 155 жылдығы, Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығы мен өңірімізде аталып өтілетін атаулы даталар Жалаңтөс Баһадүрұлының 445 жылдығы, Сартай батырдың 310 жылдығы, Кете Жүсіп Ешниязұлының 150 жылдығы, Ыбырай Жақаевтың 130 жылдығымен байланыстырылып өткізіледі.

Сонымен қатар Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай көптеген ауқымды жұмыс атқаруды көздеп отырмыз. Соның бірі – «Тарихи тұлға» жобасы. Оның шеңберінде еліміз егемендік алып, еңсесін тіктеген жылдарында еңбек еткен тұлғалардың елеулі еңбегін көпшілікке таныту.

«Дәстүр мен ғұрып» арнайы жобасы аясында «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» электронды журналын әзірлеуді қолға алмақшымыз. Мұндағы мақсат, ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерімізді жаңғыртып, жастар жадына сіңіру. Халқымыздың тұрмысына қайта еңгізу.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Әбжәліұлы Ахметтің бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде Тәуелсіздігіміздің 30-жылдығы аясында «Сыр жұрты» танымдық-пассионарлық жобасы (2021-2023 жж.) әзірленді. Бұл «Сыр елі» мегажобасының бір бағыты.

Жоба «Сыр саңлақтары», «Туған жер – тұнған шежіре», «Тал бесіктен – жер бесікке дейін», «Сыр елі – Жыр елі», «Сыр өңірі – ұлттық құндылықтардың темірқазығы» секілді 5 бөлімнен тұрады.

Жобаның басты мақсаты өңірдің тарихи – саяси және мәдени – рухани даралығын айшықтау арқылы, қазына – жауһарларымызды насихаттау, өскелең жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбилеп, Тәуелсіздіктің құндылығын ұғындыру. Жаңғыру кезеңіндегі адамның жаңа болмысын қалыптастыру.

Еліміздің бәсекеге қабілетті, біртұтас ұлт болуы үшін қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын нақты іске асыруға бағытталған жұмыстар Сыр өңірінде әрі қарай жүйелі түрде өз жалғасын табатын болады.

– Қазіргі таңда қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын ақтау жөнінде комиссия құрамында барсыз. Жұмыс барысы қалай жүріп жатыр? Неге көзіңіз жетті? Зұлматтың Сыр өңіріндегі көрінісі жайлы аз-кем айтып берсеңіз?

– Елiміз Тәуелсіздігін алған сәттен бастап саясu репрессия құрбандаpрын ақтаy бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Алайда Кеңес одағы тұсында нақақ жала жабылған, жазықсыз жапа шеккен адамдардың шынайы есiмдерін қайтaарy жүйелi әрi кешендi жұмысты қажет ететiн ұзақ процес.

Осы орайда, Қазақстан Президентінің 2020 жылдың 24 қарашасындағы №456 Жарлығымен құрылған Мемлекеттiк комиссиясы алдына – алмағайып заманда құрбан болған, зардап шеккен азаматтарды саяси һәм заң тұрғысынан толық ақтауды аяқтау міндеттері қойылды. Өңiрлiк комиссияның iздеy, зерттеy, талдаy қызметi осы мiндеттерді орындауға бағытталады. Бұл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында ұлттық жаңғырудың, тарихи кемелденудің жарқын көрінісі болатыны сөзсіз.

Жалпы, кеңестік кезеңдегі жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау процесі өткен ғасырдың 90-жылдарында басталды. Тәуелсіздігімізді жариялаумызбен қатар ұлттық тарихтың ақтаңдақ беттерін шынайы таразылау, обьективті баға беру мәселесі күн тәртібінде тұрды. 1993 жылғы 14 сәуiрде «Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының N 2200 Заңы шығуы соның көрінісі. Алайда түрлі мәселелерге байланысты бұл мәселе толық аяқталды деп айта алмаймыз.

ХХ ғасырдың бірінші жартысында орын алған репрессиялар тауқыметі еліміз үшін өте ауыр болды. Мәселен, 1920-1939 жылдар аралығында тоталитаризм саясатынан жапа шеккендер саны 4 миллионға дейін жетті. Оның ішінде 1921-1922 және 1931-1933 жылдарында аштыққа ұшырап апат болғандар 2 миллион 200 мыңнан астам, шет жерге ауып кеткендері 1 миллион 200 мыңға жуық, 1937-1939 жылдары саяси желеумен істі болып, сотталғандар саны 115 мыңнан астам болса, соның ішінде 27 мыңы ату жазасына кесілгендер. 27 мың атылғандардың 60 пайызы зиялы қауым өкілдері болатын.

Қазақ халқының асылдарын қынадай қырған нәубет – саяси қуғын-сүргін Сыр жұртшылығын да айналып өткен жоқ. Қолда бар мәліметтерге қарағанда, тоталитарлық жүйе жүргізген саясаттың салдарынан облыс бойынша 4038 отбасы қуғынға ұшырап, 1153 адам атылған екен.

Сонымен қатар зерттеушілердің деректеріне сүйенсек, Қазақстан аумағында орналасқан лагерьлер мен қазақ ауылдарына 1,5 миллионнан астам неміс, поляк, корей, шешен, түрік, грек, Қырым татарлары, Кавказ халықтары және басқа да ұлт өкілдері күштеп қоныстандырылды. Олардың бір бөлігі Сыр өңірінен пана тапты.

Бүгінде комиссияның мүшелері Ұлттык қаyiпсiздiк комитетiнiн Қызылорда облысы және Байқоныр қаласы бойынша департаментiнде, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінiң Қызылорда облысындағы басқармасының және облыстағы Полиция департаментінін архивтерiнде сақтаyған зобалаң заман тарихына қатысты құпия құжаттармен жұмыс жүргiзyде. Мәселен, Қызылорда облысының Полиция департаментінің Арнайы мемлекеттік мұрағатында жалпы саны 4669 тұлғаға қатысты, 3016 дана қылмыстық істер бар. Бұл зерттеушілер үшін аса құнды деректер болып табылады.

Қазір комиссия алдында өте үлкен жұмыс ауқымы тұр. Ол большевиктік-сталиндік жүйенің кең көлемді репрессиялар ауқымын ашу, құрбандардың толық тізімін жасақтау, ату жазаларына кесіліп, құпия түрде жерленген азаматтардың орнын тауып сакралдандыру мәселелері.

Аталған жұмыстарды жергілікті атқарушы органдар мен комиссия, жұмысшы топ өкілдері емес, барша қоғам болып жүйелі әрі кешенді жүргізгенде ғана мақсатымызға толық жете аламыз. Сол кезде ғана біз ХХ ғасырдың зұлматты жылдарында жазықсыз опат болған құрбандардың әруағының алдында өз борышымызды өтей аламыз.

– Сұхбаттасқаныңызға рахмет!


 

Өзгелердің жаңалығы