Роза Рымбаева ішкен-жегенін желіге салатын әншілерге қатысты ойын айтты

20 Сәуір 2021, 14:25
5083
Бөлісу:
Роза Рымбаева ішкен-жегенін желіге салатын әншілерге қатысты ойын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева «Желмая» жобасында қазіргі жас әншілер қолданып жүрген инстаграм, ютуб желілеріне қатысты ойын ашық айтты.

Әнші бүгінгі жастардың стилін, жалпы өмір мәнеріне қызықпайтынын айтады.

Міндетті түрде елдің алдында жүріп, күнделікті істеген ісін инстаграмға салуды, «мынаны ішіп, жеп жатырмын, мында кетіп барамын» дегенге қызықпайтын адаммын. Себебі менің жеке өмірім жеке болып қалуы керек. Оған қоса ерекше мақтану, артық кетуді онша жақтырмаймын. Жалпы халқымыз қарапайым, елдің көп болса 10 пайызы ғана бай шығар. Қалғандары қарапайым, мен сол қарапайым адамдардың бірімін. Неге мен өтірік мақтануым керек. Ішкен, жегенімді неге халыққа жайып салуым керек? Солай істейтін адамдарды түсінбеймін, меніңше, ол дұрыс емес, - дейді Роза Рымбаева.

Сонымен қатар ол өз атынан бейтаныс адамдар гив лоторея ойнатқанын, оларды әрең тоқтатқанын айтты.

Бір кездері менің атымнан гив ойнатып, «Роза Рымбаеваның дискісін сатып алсаңдар пәтер ұтып аласыңдар» деген кездері болды. Билетті 10 мың теңгеден сатыпты. Сол бойынша полицияға барып арыз жаздым, - деді ол.

Сондай-ақ Роза Рымбаева өнер адамдарының пандемия кезіндегі жұмысы жайлы айтып берді. Пандемия өнер адамдарын үйге қамап, гастролдік жұмыстарының барлығын тоқтатқан.

Екі ұлым және келінім бар, барлығымыз өнердегі адамдармыз. Гастроль, түсірілім, концерт және фестивальде жүретін едік. Бір жыл болды, барлығымыз үйдеміз, негізінен студияда және сахналық түсірілімдерде жұмыс істеп жатырмыз. Көрерменді сағындым. Былтыр сахнада жүргеніме 45 жыл толды. Соған орай Республика бойынша «Роза шақырады» деген гастролдік концертім өтуі керек еді. Пандемияға байланысты бұл есеп беру концертім тоқтап қалды, - деді әнші.

Сонымен қатар ол мемлекеттік қызметке кетіп, шенеунік атанған әріптестері жайлы пікір білдірді.

Сәкен Майғазиев, Ақбота Керімбековаларды айтып тұрсыз ғой? Енді бағын сынап көрсін. Өмір бойы сахнада жүрді, өнер, мәдениет жағынан тәжірибелері бар. Мүмкін өзінің жаңалығымен, ерекше жобаларымен табысқа жететін шығар, - деді Қазақстанның халық әртісі.



Өзгелердің жаңалығы