Роза Бағланова ХХ ғасырдағы қазақ халқы кешірген барлық зұлматты өз жүрегінен өткерді – Досаев

15 Сәуір 2022, 18:01
2504
Бөлісу:
Роза Бағланова ХХ ғасырдағы қазақ халқы кешірген барлық зұлматты өз жүрегінен өткерді – Досаев

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев ҚР Халық әртісі Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына арнап қойылған ескерткіштің ашылу салтанатында айтты.

Қала әкімі бұл Қаңтар қасіретінен кейін бой көтерген алғашқы ескерткіш екенін айта келе, бұл мүсін жақсылықтың жаршысындай болып, айналасына жылуын шаша берсін деген лебізін білдірді.

Бұл ескерткіш жеке адамға ғана емес, ұлтымыздың ән өнеріне, тұтастай қазақ мәдениетіне қойылып отырған ескерткіш! Бірыңғай жеңістерден ғана тұратындай көрінетін Роза Тәжібайқызының өмірі үнемі теп-тегіс болған жоқ. Балалығы ашаршылыққа, жастық шағы Ұлы Отан соғысына сәйкес келді. ХХ ғасырдағы қазақ халқы кешірген барлық зұлматты ол кісі өзінің жүрегінен өткерді. Сұрапыл соғысты бастан-аяқ жүріп өтіп, жауынгерлерге әсем әнімен рух беріп, мұқалмас жігер сыйлады. Өшпес өнерімен жеңісті жақындатуға үлкен үлес қосып, Берлинде жеңістің құрметіне берілген концертте өнер көрсетті. Міне, осындай қиындықтардың бәріне төзіп, бәрін жеңе білген ұлы өнер иесі «Кеңес Одағының Халық артисі», «Қазақ КСР-ның Халық артисі» атанып, халқымыздың ең сүйікті өнер жұлдызына айналды, - деді әкім.

Сонымен қатар ол әнші 70 жылдан аса киелі сахнада жүріп, өнерімен төрткүл дүниені тәнті еткенін, еліміздің бірнеше буыны Роза Бағланова әндерінің аясында өсіп, жастарымыздың талғамы ол кісінің әндерімен қалыптасқанын жеткізді.

Роза Бағланова ХХ ғасырдағы қазақ халқы кешірген барлық зұлматты өз жүрегінен өткерді – Досаев

Жас таланттарды тәрбиелеп, оларды танымал еткен ұлағатты ұстаз, қазақ вокалдық мектебінің негізін қалады. Артында «Айналайын, халқымнан еркелеткен» деген әдемі өнегелі сөзі қалды. 1996 жылы алғашқылардың бірі болып ең жоғары мемлекеттік мәртебе – «Халық қаһарманы» атағын иеленді.  Сұлулық пен биік өнердің символына айналған Роза Бағланованың мәдениет пен өнердің қара шаңырағы – Алматы қаласында ескерткіш-бейнесінің тұруы қай жағынан да тарихи әділеттілік, – деді Досаев.

Айта кетсек, ескерткіштің биіктігі 4,8 метр және қола мен граниттен жасалған. Ескерткіштің авторлары: Д.Ағзамов, У.Ақжолтай, А.Жамхан, А.Қабыл есімді мүсіншілер.

Өзгелердің жаңалығы