"Росатом" соңғы уақытта ірі шетелдік жобалар тұрғысында әсіресе санкциялық қысым салдарынан қиындыққа тап болуда. Оған бір мысал – түріктің "Аккую" АЭС-да туындаған проблемалар. Осы орайда бір сұрақ қылаң береді: Ресейлік мемкорпорация құрылыс бойынша халықаралық консорциумды тізгініне алған Қазақстандағы АЭС салуға бұл әсер ете ме?
BAQ.KZ тілшісі бұл сауалдардың қаншалықты қисынды екендігіне жауап іздеп көрген болатын.
Біз бұл сұрақты ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігіне ресми сауал жолдадық. Агенттік уайымдауға еш себеп жоқтығын айтып, сендіруге тырысты. Себеп – жобаларды іске асырудағы үлгінің әртүрлілігінде.
Түркиялық станция толықтай ресейлік тарапқа тиесілі болып, BOO (build-own-operate – сал, иелен, пайдалан) схемасы бойынша салынып жатса, Қазақстанда бәрі басқаша.
Қазақстандық АЭС-ты жүзеге асыру үлгісі барлық негізгі активтерді, соның ішінде нысанның өзін қоса алғанда, оның иесі толықтай қазақстандық тарап екендігін қарастырады. Бұл дегеніміз – жобаны басқару қазақстандық мемлекеттік органдар мен ұлттық жобалық компания арқылы жүзеге асырылатынын, ал барлық стратегиялық шешімдер Қазақстан Республикасының қызығушылықтарын ескере отырып жүргізілетінін білдіреді, - делінген ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі ұсынған жауапта.
Бақылау жүйесінің қалай жасалғаны да маңызды. Агенттік бүкіл жобалық қызмет Қазақстанның заңнамасы аясында жүргізілетінін мәлімдеді. Бұл еңбекті қорғау мен төлем жасау, сондай-ақ қауіпсіздік нормаларын сақтауға да қатысты айтылып отыр. Мердігерлік қатынастар Түркиядағы ресейлік заңдармен емес, қазақстандық заң нормалары бойынша жүргізіледі.
Оның үстіне, жобада ішкі бақылау мен есептілік жүйесі қарастырылады деп күтілуде.
Ұлттық реттеуші органдар, техникалық қадағалау, экологиялық бақылау және халықаралық верификация (соның ішінде МАГАТЭ – Халықаралық атом энергиясы агенттігі) – мұның бәрі жоба жүзеге асырылатын модельде нақты қарастырылған. Тіпті қоршаған ортаға әсерін бағалау да қоғамдық талқылаумен бірге жүргізілетін болады.
Егер "Росатом" жобаны жүзеге асыра алмай қалса ше?
Ресейлік тарап мерзімді кешіктірсе де, Қазақстан балама жолдарды қарастырған.
Ресейлік серіктес құрылыс мерзімін ұзартқан күннің өзінде, Қазақстан жобаны жалғастырудың балама тетіктерін алдын ала пысықтап қойған. Энергетика саласындағы жауапты агенттіктің мәліметінше, атом электр станциясын салу тек бір тарапқа ғана тәуелді емес. Жоба халықаралық консорциум форматында жүзеге асуда. Инженерлік ізденістерден бастап құрылыс жұмыстарына дейін кез келген кезеңде өзге ұйымдар мен мердігерлерді тартуға мүмкіндік бар.
АЭС салу жобасының моделі түрлі кезеңдерде – инженерлік-іздестіру, жобалау және құрылыс жұмыстары барысында үшінші тарап ұйымдарын тартуға мүмкіндік береді. Бұл – серіктес тарап өз міндеттемелерін орындай алмаған жағдайда, қазақстандық тарап балама мердігерлер мен жабдық жеткізушілерді іске қоса алады деген сөз, - делінген ресми жауапта.
Бұдан бөлек, шетелдік әріптестермен жасалған келісімшарттарда нақты заңдық кепілдіктер көзделген.
Арбитраж тетіктері, қаржылық міндеттемелер мен шарт бұзылған жағдайда қолданылатын ықпал ету құралдары бекітілген. Яғни мердігер өз жұмысын тиісінше атқара алмаса, оны қиындықсыз алмастыруға мүмкіндік бар – бұл жобаның тоқтап қалуына алып келмейді, – делінген жауапта.
Жұмысшылар жалақысыз қалмай ма?
Түркияда орын алған жағдайдан кейін қазақстандықтардың: "Біздің елде де жұмысшылар жалақысын ала алмай қалса ше?" деп алаңдауы қисынды. Осы сұраққа байланысты жауапты агенттік бірқатар қауіпсіздік тетіктерін қарастырғанын мәлімдеді.
Атап айтқанда, Еңбек кодексінің талаптары қатаң сақталады, ал жоба барысында мердігерлердің жұмысы тапсырыс беруші тарап пен мемлекеттік органдар тарапынан тұрақты бақылауда болады.
Бұдан бөлек, келісімшарттарға еңбек қауіпсіздігі, экология талаптары және еңбекақыны уақытылы төлеу міндеттемелері енгізіледі. Ең бастысы – бұл шарттардың орындалуы қағаз жүзінде емес, нақты бекітілген рәсімдер арқылы бақыланады.
Одан бөлек, енді болашақ жобаларға ерекше талаптар қойылады.
Болашақта шетелдік мердігерлермен жасалатын келісімшарттарда қаржылық және құқықтық кепілдіктер, сондай-ақ даулы мәселелерді халықаралық арбитраж арқылы шешу тетіктері қарастырылады. Бұл Қазақстанның мүддесін халықаралық құқық нормаларына сәйкес жоғары деңгейде қорғауға мүмкіндік береді, – деп мәлімдеді Атом энергияcы жөніндегі агенттік.
Кез келген қиындық туындаған жағдайда, биліктің нақты әрекет жоспары бар. Агенттік өкілдері Қазақстан тек өз жобасының жүзеге асуын ғана емес, халықаралық тәжірибелерді де мұқият бақылап отырғанын атап өтті. Бұл жерде тек «Росатом» емес, өзге де серіктестердің тәуекелдері қаралады – олардың қаржылық тұрақтылығы, активтерді жекешелендіру қаупі, жергілікті мердігерлерді тарту және жұмыстардың мерзімінде орындалуы секілді маңызды аспектілер жіті сарапқа салынады.
Егер жобаның жүзеге асу барысында қандай да бір қиындық туындаса, бұл ретте Қазақстанның нақты іс-қимыл жоспары бар. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттік мәлім етті.
Мекеменің хабарлауынша, еліміз тек өз жобасының орындалуын ғана емес, әлемдік тәжірибені де жіті қадағалап отыр. Тек «Росатоммен» шектелмей, өзге де серіктестердің жобалық үлгілері мен халықаралық тәуекелдері сарапқа салынуда.
Атап айтқанда, қаржылық тұрақтылық, активтерді жекешелендіру қаупі, жергілікті мердігерлерді тарту мен жұмыс кестесінің сақталуы сияқты мәселелер жан-жақты зерделеніп жатыр. Бұл Қазақстан тарапының жобаны барынша ашық әрі сенімді жүргізуге мүдделі екенін көрсетеді.
Қазақстандағы алғашқы АЭС туралы не белгілі?
2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел аумағында атом электр станциясын салу мәселесін бүкілхалықтық референдум арқылы шешуді ұсынған болатын. Сонымен қатар бұл мәселе бойынша алдын ала ашық қоғамдық талқылау жүргізу міндеті де қойылды.
Аталмыш референдум 2024 жылғы 6 қазанда өтті. ҚР Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, АЭС салу идеясын 5,5 миллионнан астам қазақстандық қолдаған. Бұл – ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтардың өз таңдауын жасағанының айқын көрінісі.
2025 жылғы 28 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде екінші атом электр станциясын салу бастамасын қолдады.
Арада бір ай өткен соң, 25 ақпанда АЭС-тің нақты орналасатын орны да белгілі болды. Үкімет шешімімен құрылыс алаңы ретінде Алматы облысындағы Үлкен ауылы таңдалды. Балқаш көліне жақын орналасқан бұл аймақ – сейсмикалық тұрғыда тұрақты, электр жеткізу желілеріне жақын және су ресурстары жеткілікті.
Жобада қуаты 2,4 ГВт-қа дейін жететін екі энергоблок салу көзделіп отыр.
2025 жылғы 14 маусымда елімізде салынатын алғашқы атом электр станциясының (АЭС) халықаралық консорциумындағы жетекші серіктес анықталды. Бұл мәртебеге ресейлік "Росатом" корпорациясы ие болды.
Құрылыс жұмыстарының алдын ала аяқталу мерзімі – 2035–2036 жылдар. Бұл – атом энергетикасы саласындағы әлемдік тәжірибеге сай келетін қалыпты мерзім. Себебі жобалаудан бастап толық іске қосуға дейінгі кезең, әдетте, 10-12 жылды қамтиды.
Алғашқы АЭС құрылысының алдын ала құны шамамен 14 миллиард АҚШ долларын құрауы мүмкін. Жобаның нақты қаржылық бағасы техникалық-экономикалық негіздеме әзірленгеннен кейін белгілі болады.
Атом электр станциясының (АЭС) техникалық-экономикалық негіздемесі (ТЭН) осы жылдың желтоқсан айында дайын болады деп жоспарланып отыр. Ал 8 тамыз күні Алматы облысындағы Үлкен ауылы маңында еліміз тарихындағы алғашқы АЭС құрылысының салтанатты басталу рәсімі өтеді.
Сонымен қатар 31 шілде күні Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр үшінші атом станциясын елімізде Қытай салатынын мәлімдеді. Бұл – Қазақстандағы атом энергетикасын дамыту бағытының ауқымын көрсететін маңызды жаңалық.
Алайда әлемдік тәжірибеде атом жобаларының алдында түрлі қиындықтар кездесуі мүмкін. Мәселен, қазіргі таңда Түркияның Мерсин провинциясындағы "Аккую" АЭС құрылыс алаңында жұмысшылар ереуілге шықты. Жобаға тартылған мердігер ұйым қызметкерлері үш ай бойы еңбекақыларын ала алмай жүргендерін айтып, жұмысты тоқтатқан.
Аталған жобаны Ресейдің "Росатом" мемлекеттік корпорациясы жүзеге асыруда. Бұл станция Түркиядағы алғашқы АЭС болмақ және елдің жалпы энергия тұтынуының 10%-ын қамтуы тиіс. «Росатом» жалақы төлемдеріндегі кідірісті растады. Корпорация мәселенің туындауын санкциялар салдарынан қаржыландыру тізбегіндегі үзілістермен түсіндіріп отыр. Қазіргі таңда тараптар мәселені шешудің жолдарын бірлесіп қарастырып жатыр.