Робототехника бөлмесі, коворкинг, спорт зал. «Жайлы мектеп» салуға қойылатын талаптар қандай?

10 Ақпан 2023, 12:27
1915
Бөлісу:
Робототехника бөлмесі, коворкинг, спорт зал. «Жайлы мектеп» салуға қойылатын талаптар қандай?
Фото: aikyn.kz

Бұл туралы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов қордың қоғамдық кеңесінің отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Жаңа мектептер 300, 600, 900, 1200, 1500, 2000 немесе 2500 орындық деп белгіленген жеті түрдің біріне сай салынуы керек. Жобаның бірыңғай операторы ретінде белгіленген компания басшысы мердігерлерге қойылатын талаптарды атады. 

Олардың әрқайсысында робот техникасы кабинеті, бірнеше зертхана, аумағы 88 шаршы метр болатын хореография залы, бастауыш сынып оқушылары, орта сыныптар және мұғалімдер үшін үш коворкинг алаңы болуы керек. Сондай-ақ мектептерде бастауыш сыныптары (9х18м) мен орта буын, жоғарғы сынып оқушыларына (36х18м) бөлек спорт залдары болады. Әр сыныпта интерактив тақта және мұғалімге арналған компьютер қарастырылған, - деп атап өтті басқарма басшысы жобаны талқылау кезінде. 

Сондай-ақ республикадағы мектептердің басым көпшілігі ескірген деген негіз келтірді. 

Еліміздегі мектептер негізінен КСРО кезінде салынған, көпшілігі ерекше балалар үшін өте қолайсыз. Жаңа мектептерді барлық оқушының қажеттілігін ескере отырып, заманауи технологияларды қолданып салу жоспарланды. Кедергісіз, ыңғайлы кеңістік: арнайы пандустар, лифтілер, дәретхана бөлмелері болады. Сондай-ақ әрбір мектепте инклюзив білім беру кабинеті болуы керек. Мұның бәрі балалардың қоғамға жақсырақ бейімделуіне қажет алғышарттармен қамтамасыз етеді, - деді Мәулен Айманбетов.

Жалпы бюджеті 2,6 трлн теңгені құрайтын жоба ұйымдастырушылары жақын арада мектептерді жобалау, салу бойынша да  кешенді қызмет көрсетушілерді анықтайтын ашық конкурс өткізеді. Олар мектепті толық салып, дайын күйінде тапсыруы керек, кейін құрылыс аяқталғаннан кейін төлем алады. Байқау туралы хабарландыру 20 ақпанға дейін ашық ресурстарда жарияланады.

Өзгелердің жаңалығы