Оңтүстік Америкаға сапармен барған Рим Папасы XIV Левтің қатысуымен өтетін жаппай діни іс-шаралар эпидемиологтарды алаңдатып отыр. Қызылша жұқтыру деректері көбейген тұста бірнеше елдің билігі инфекцияның таралуын бақылауды күшейтіп, қосымша вакцинация науқандарын жүргізіп жатыр.
Euronews таратқан ақпаратқа сәйкес, Рим Папасының сапары 6–17 қараша аралығында өтіп, Уругвай, Аргентина және Перу елдерін қамтиды. Діни рәсімдер мен сенушілермен кездесулерге жүздеген мың, тіпті миллиондаған адам қатысады. Мамандардың пікірінше, бұл қызылшаның таралу қаупін арттырады.
Панамерикалық денсаулық сақтау ұйымы (ПДҰ) эпидемиологиялық қауіпті өте жоғары деп бағалады.
2026 жылдың қаңтарынан қазанына дейін Америка құрлығындағы елдерде қызылшаның 57 666 расталған жағдайы тіркеліп, 81 адам қайтыс болған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,7 есе көп. Инфекция аймақтың 17 елі мен аумағында анықталған.
Рим Папасы мыңдаған сенушінің қатысуымен діни рәсімдер өткізген Уругвайда билік 29 қарашаға дейін күшейтілген эпидемиологиялық бақылау енгізді. Бұл понтификтің елге сапары аяқталғаннан кейінгі үш апта ішінде инфекция жұқтырудың ықтимал жағдайларын бақылауға мүмкіндік береді.
Перуде вакцинация науқаны кеңейтілді. Әсіресе балалар мен жастарға, сондай-ақ Рим Папасының сапар бағдарламасына енгізілген қалалардың тұрғындарына басымдық беріліп отыр.
Аргентинада да мамандар адам көп жиналатын діни іс-шараларға байланысты қауіп бар екенін ескертті.
ПДҰ мәліметінше, қызылшаның кең көлемде таралуына жол бермеу үшін халықтың кемінде 95 пайызы вакцинаның екі дозасын алуы керек. Алайда аймақтағы көптеген елде бұл көрсеткіш қажетті деңгейге жетпеген.
Ұйым жаппай іс-шараларға қатысатын азаматтар мен саяхатшыларға алдын ала екпе мәртебесін тексеруге кеңес береді.
Қызылша – вирустық инфекциялардың ішіндегі ең жұқпалы аурулардың бірі. Ол әсіресе кішкентай балалар мен иммунитеті әлсіреген адамдарда ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін.