Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Риддер қаласының бұрынғы әкімі Дәулет Батырбаев 8 жылға сотталды

7 Шілде 2025, 19:12
548
Бөлісу:
 Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Өскемен қаласының №2 сотында Шығыс Қазақстан облыстық «Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік өңірлік орталығы» АҚ-ның бұрынғы басқарма төрағасы Дәулет Батырбаевқа және оның жұмыс тобының екі қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы сот отырысында мәлім болды.

Сот мәліметінше, Батырбаев жұмыс тобының жетекшісі Х-тің көмегімен техникалық талаптарға сай келмейтін жарық шамдарын қабылдап, төлем жүргізу арқылы мемлекетке 2 миллиард 266 миллион теңгеден астам шығын келтірген.

Қыруар қаражат жымқырған

Бұған қоса, Батырбаев, Х. және П. есімді жұмыс тобының мүшесі 2023 жылдың 6 сәуірі мен 25 шілдесі аралығында жалған аралық актілерге қол қойып, 122,8 миллион теңгені заңсыз иемденгені анықталды.

Ал 2022 жылдың 2 қыркүйегі мен 12 желтоқсан аралығында олар мердігермен заңсыз қосымша келісім жасасып, тауарлар мен қызметтердің құнын негізсіз арттыру арқылы 206 миллион теңгеден астам соманы артық төлеген.

Сот үкімі

Айыпталушылар өз кінәсін мойындамағанымен, сот оларды кінәлі деп танып, келесі үкімді шығарды:
• Дәулет Батырбаев – 8 жылға бас бостандығынан айырылды;
• Х. – 8 жылға сотталды;
• П. – 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Анықтама үшін:

Дәулет Батырбаев былтыр жазда ұсталған болатын. Оған дейін ол Риддер қаласының әкімі қызметін атқарған.
 

Өзгелердің жаңалығы