Сотталғандарды тәрбиелеу және түзету бағдарламаларын қолдау аясында Қарағанды облысының мекемелерінде маңызды іс-шара өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қылмыстық жазалардың орындалу заңдылығын қадағалау жөніндегі мамандандырылған прокурор Дәулет Саттыбаев №32 және №35 мекемелерінің сотталғандарына 498 жаңа кітап тапсырды.
Бұл кітаптарды режиссер Ринат Балғабаев сотталғандарды оңалту және түзету процесіне үлес қосу мақсатында жіберген.
Кітап тек оқыту үшін ғана емес, сонымен қатар сотталғандарды моральдық және психологиялық қолдау үшін де маңызды құрал болып табылады, олардың бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға интеграциялануына ықпал етеді, - делінген ақпаратта.
Прокурор кітап сыни ойлауды дамытуға, ой-өрісті кеңейтуге және өзін-өзі дамытуға ықпал ететіндіктен, сотталғандарды тәрбиелеу процесінде маңызды орын алатынын атай отырып, осы игі іске қосқан елеулі үлесі үшін Ринат Балғабаевқа алғысын білдірді.
Іс-шара Қарағанды облысында сотталғандарды ұстау жағдайларын жақсартуға, оңалтуға, қылмыстың қайталануын азайтуға және сотталғандарды түзелу жолында қолдауға бағытталған ауқымды бағдарламаның бір бөлігі болды.