Режеп Тайып Ердоған жеңілсе не болады?

22 Мамыр 2023, 16:11
5035
Бөлісу:
Режеп Тайып Ердоған жеңілсе не болады?
Фото: BAQ.KZ

Түркиядағы сайлауда оппозиция жеңсе, қандай өзгерістер болады? Түркітілдес елдерге қарым-қатынас өзгере ме? Кемал Қылышдароғлы елдің қай бағытына басымдық бергелі отыр. Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева Кемал Қылышдароғлы билікке келген жағдайда қандай өзгерістер болуы мүмкін екенін айтты, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

14 мамырда Түркияда президент және парламент сайлауы өтті. Басты екі кандидатта 50 пайыз дауыс жинай алмады. Сайлаудың бірінші турында Режеп Тайып Ердоған – 49,36 пайыз, оппозиция өкілі Кемал Қылышдароғлы – 44,99 пайыз, «Альянс АТА» саяси блогының жетекшісі Синан Оған 5,21 пайыз дауыс жинады.

Кеше Түркиядағы президент сайлауының екінші туры басталды. «Анадолу» агенттігі таратқан мәліметке сүйенсек, 73 мемлекетте 167 сайлау учаскесі ашылды.

Түркияның шетелдегі өкілдіктерінде дауыс беру 24 мамырға дейін жалғасады. Шетелдегі бекеттерде, жер үстіндегі бақылау-өткізу бекеттерінде, әуежайлар мен теңіз айлақтарында 28 мамыр, сағат 17.00-де аяқталады.

Бүгінгі таңда 20 жылдан астам билікте отырған 69 жастағы Режеп Тайып Ердоғанның алдында аса күрделі міндет тұр. Оппозициялық партиялар бірігіп, елдің қазіргі басшысына қарсы ортақ кандидат ұсынды. Түрік қоғамында Ердоған билік еткен жылдары авторитарлық жүйе құрды, билікті өз қолына шоғырландырды, сонымен бірге елді ауыр экономикалық дағдарысқа әкелді. Ел арасында мұндай пікір бұрыннан қалыптасқан.

Ердоған 2014 жылы Түркия президенті болып сайланды. Оған дейін ол 2003 жылдан бері елдің премьер-министрі болып қызмет атқарды. 2018 жылғы соңғы сайлауда ол бірінші турда 52,6 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті. 2016 жылы төңкеріс әрекетінен кейін президенттің өкілеттігі айтарлықтай кеңейтілді. Ал парламенттің өкілеттігі шектелген болатын. Қылышдароғлы сайлауалды науқанында жеңіске жеткен жағдайда Түркия парламенттік республикаға қайта оралады, президенттің өкілеттігі шектеледі деп уәде берді.

Ердоған өзін саяси ұстанымын діни құндылықтарға негіздеген саясаткер ретінде көрсетті. Ол президенттікке сайланғаннан бастап Түркияда авторитарлық тенденциялар күшейді. Мемлекетте президент институты күшейді, БАҚ пен сөз бостандығы шектелді. Ердоған кез келген наразылықты қатаң түрде басып отырды. Сондықтан оның билігі кезінде мемлекет демократиялық құндылықтардан алыстап , Еуропамен қарым-қатынас нашарлай түсті. Түркиядағы азаматтар бүгінгі таңда елінің келешегі үшін маңызды таңдау үстінде, - деді сарапшы.

Кемал Қылышдароғлының негізгі ұстанымы - демократия.

Түркияның сыртқы саясатын 180 градусқа өзгертеміз. Біз елімізге Еуропалық Одақ ұсынған бүкіл демократиялық ережелерді әкелеміз, - деді ол.

Кандидат мұндай өзгеріс тек Түркияда емес, бүкіл әлемде байқалатынын айтады. Сондай-ақ Қылышдароғлы Түркияның Еуропа Одағына кіру үшін ұзақ уақыт бойы тоқтап қалған өтінішін қайта жандандырғысы келетінін айтты.

Біз Батысқа және Батыс өркениетіне бет бұрамыз, - деді оппозиция өкілі. 

Ол сонымен бірге «Ресеймен жақсы қарым-қатынаста болғым келеді» деп өз позициясын нақтылаған еді.

Сарапшы Түркия элитасындағы ауысулардың Қазақстанға әсері туралы айтты. 

Әрине, Түркияның демократиялық көзқарастағы азаматтары үшін Кемал Қылышдароғлы елге көп жағынан ұтымды болып отыр. Қазақстанға келетін болсақ, екі елдің саясаты мен қарым-қатынасы күрт өзгеріп кетпейді деп ойламаймын. Бәлкім, Ресейге қатысты өзгерістерді, Еуропамен алыстау мен жақындасу секілді саяси өзгерістер күтуге болатын шығар... Қазақстан Түркия халқы таңдаған кез келген президентпен достық қарым-қатынас орнатады. Өйткені, еліміздің алға қойған мақсаттарының бірі – түркі интеграциясын дамыту және біздің көпвекторлы көзқарасымыз бар, - деп түйіндеді Үмбетәлиева.

Өзгелердің жаңалығы