Мәжіліс депутаты Айдос Сарым авиациялық қызмет саласында қордаланған проблемаларды тікелей министрліктердің, мемлекеттік органдардың және авиакомпаниялардың қатысуымен жан-жақты қарау қажеттігін айтты. Оның сөзінше, бұл – қоғам үшін өте өзекті тақырып, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, соңғы уақытта авиакомпаниялар мен әуежайлардың сервистік қызметтеріне қатысты тұтынушылардан көптеген шағымдар түсіп жатыр. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында саладағы жағымсыз құбылыстардың көбейгені жиі айтылып жатыр.
Атап айтқанда, рейстердің себепсіз кешігуі, орын санынан артық билет сату (овербукинг), билеттердің қымбаттығы, лоукостер рейстерінде билеттердің қайтарылмауы, жүк салмағы мен габариттеріне қойылатын шектен тыс талаптар жолаушылардың наразылығын тудырып отыр.
Сонымен қатар, Айдос Сарым авиация саласындағы жүйелі мәселелер қатарында әуе кемелері паркінің тозуын, білікті мамандардың жетіспеушілігін, авиаотын мен қызмет көрсету бағасының өсуін атап өтті. Оның айтуынша, бұл факторлар тарифтердің қымбаттауына әкеліп, нарықтың тұрақтылығына қауіп төндіреді.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында авиаотын бағасының әуе тасымалдарын дамытуға кедергі болып отырғанына арнайы тоқталды. Қазіргі бағалар көршілес елдердің әуежайларымен салыстырғанда біздің бәсекеге қабілетіміздің төмен екенін көрсетеді, – деді депутат.
Айта кетейік, бүгін Мәжілісіжанындағы Қоғамдық палата отырысында жолаушылар тасымалы саласындағы авиациялық қызмет және авиациялық қызметтер мәселелері талқыланып жатыр.
Бұған дейін Қазақстан жаңа халықаралық әуе бағыттарын ашатыны жайлы жазған едік.