Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин ревакцинацияға қатысты тапсырма берді.
Елімізде эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Инфекциялық ауруханалар мен реанимациядағы орындардың 17%-ы толық. Ауыр жағдайлар саны айтарлықтай азайды, - деп айтты ол.
Үкімет басшысы атап өткендей, өңірдің басым бөлігі «жасыл» аймақта, ал «сары» аймақта Нұр-Сұлтан мен Солтүстік Қазақстан облысы.
Әлемде ауру жұқтырудың көбеюін ескерсек, санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауды жалғастыру қажет. Ғимараттарда, қоғамдық көліктерде маска тағып, адамдар көп жиналатын жерлерде әлеуметтік арақашықтықты қатаң сақтау керек, - дейді Премьер-министр Үкіметте.
Мамин елімізде 9 млн-нан астам адам І компонентті салдырды. Бұл 18 жастан асқан халықтың 80%-ға жуығы. Сондай-ақ 8,5 млн адам ІІ компонент салдырды. Бұл халықтың 75%-ы.
Жаппай ревакцинациялау бойынша жұмысты күшейту керек. Келесі жылдың І жартыжылдығында шамамен 9 млн адам ревакцинациядан өтуі керек. Ақпарат, Денсаулық сақтау министрліктері және әкімдіктер халық арасында ревакцинациялау қажеттігі туралы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуі тиіс, - деп тапсырма берді Мамин.