Еліміздің бас ұстазы Білім күнімен құттықтады

1 Қыркүйек 2021, 09:10
7333
Бөлісу:
Еліміздің бас ұстазы Білім күнімен құттықтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Білім күнімен құттықтады.

Құрметті ұстаздар, оқытушылар, оқушылар, студенттер және ата-аналар!

Сіздерді 1 қыркүйек — жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын! Білім беру ұйымдарында оқу жылы қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, дәстүрлі форматта басталады.

Балалар өз мектептерін, достары мен сыныптастарын, ал мұғалімдеріміз оқушыларын сағынды. Барлығы мектептердің ашылуын асыға күтті.

Әлемдік пандемия білім беру үрдісіндегі мұғалімнің баға жетпес рөлін айқындай түсті. Атап айтсақ, мұғалімнің кәсібилігі, тәжірибесі, балаға деген сүйіспеншілігі мен оқушының өміріндегі атқаратын рөлі айқындалды. Әлбетте, мұғалімдер гаджет экрандары арқылы емес, балалармен тікелей байланыста бола отырып беретін білімді заманауи технологиялармен салыстыру қиын, – деп жазды Білім министрі әлеуметтік желідегі парақшасында.
Асхат Аймағамбетов бұл күннің бірінші сынып оқушылары үшін ерекше екендігін атап, оқушыларға мықты денсаулық тіледі.
1 қыркүйек — бірінші сынып оқушылары үшін ерекше мереке. Биыл 394 мыңға жуық бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды. Осы салтанатты күні «Әліппе» мен «Букварь» оқулықтарын қолдарына алатын бірінші сынып оқушыларын құттықтағым келеді. Бүлдіршіндерімізге мықты денсаулық тілеп, ашық және білімқұмар болуға шақырамын.

Жаңа оқу жылы әрбір оқушы, студент, мұғалім және оқытушы, жалпы білім беру саласына қатысы бар әрбір адам үшін қызықты әрі пайдалы болуын тілеймін.

Құрметті әріптестер! Көптен күткен дәстүрлі форматқа оралып, мектеп қабырғасында балалардың жарқын күлкілерін есту сіздерді қуанышқа бөлейтінін білемін. Жоғары оқу орындарындағы аудиториялар да қызықты әңгімелер мен зияткерлік пікірталастарға толы болары сөзсіз.

Қымбатты білім алушылар, мұғалімдер мен ата-аналар! Сіздерді Білім күнімен құттықтай отырып, баршаңызға мықты денсаулық тілеймін!

Өзгелердің жаңалығы