Республикалық пікірсайыс турнирі өтті

18 Желтоқсан 2022, 16:24
1657
Бөлісу:
Республикалық пікірсайыс турнирі өтті

Қазақстанның Тәуелсіздігі күніне орай Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің кубогіне арналған республикалық пікірсайыс турнирі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

 

Турнирдің басты мақсаты қоғамда орын алған проблемаларды жариялы талқылау және талдау арқылы білім алушылардың әлеуметтік және шығармашылық белсенділігін арттыру; қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, мектепте пікірталас қозғалысын насихаттау және қолдау.

Республикада 6 мың пікірсайыс клубы бар, онда 100 мыңнан астам оқушы құқықтық мәдениетті, азаматтық белсенділікті, жауапкершілікті, шығармашыл және сыни ойлау қабілетін, өз ұстанымын дәлелді түрде қорғауды, қарсыластың пікіріне құрметпен қарауды, командада жұмыс істеуді үйренеді.

Осы жылы 20 мыңнан астам мектеп оқушыларының пікірсайыс турнирлері, халықаралық телекөпірлер, пікірсайыс марафондары, мыңнан астам шеберлік сыныптары, тренингтер және белгілі қоғам қайраткерлерімен, спортшылармен, еліміздің үздік пікірсайысшыларымен кездесулер өткізілді, - делінген таратылған ақпаратта.

Облыстық турнирлердің 120 жеңімпазы – Қазақстанның барлық өңірлерінен келген 9-11(12) сынып оқушылары арасында еліміздің үздік спикерлері республика астанасында Әл-Фараби атындағы оқушылар сарайында финалдық кезеңге қатысу үшін кездесті.

Турнир бағдарламасы «Бірлік» танысу кешін, ынтымақтастыруға арналған тренинг, «Quiz, Please» интеллектуалды ойыны, турнир қатысушыларымен олардың әсерлері туралы блиц-сұхбат, Әл-Фараби атындағы оқушылар сарайына экскурсия және т.б. өткізуді көздеді. 

Турнир жеңімпаздары І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен және сыйлықтармен, үздік спикерлер – дипломдармен, команда жаттықтырушылары – алғыс хаттармен марапатталды.

Турнирдің барлық қатысушылары сертификаттар алды.

Өзгелердің жаңалығы