Елімізде Республикалық орфография комиссиясын құру жөнінде Ғылым және жоғары білім министрі бұйрығының жобасы әзірленді. Оған сәйкес, комиссия Қазақстанда қазақ тілі орфографиясының ғылыми негізделген нұсқасын әзірлеуге жауапты болады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Комиссияға Ғылым және жоғары білім вице-министрі жетекшілік етсе, оның құрамына филология ғылымдарының докторы Айманкүл Алдаш, Зейнеп Базарбаева, Тыныштық Ермекова, Жантас Жақыпов, Шапағат Жалмаханов, Орынай Жұбаева, Қаламқас Қалыбаева, Құралай Күдеринова, Анар Салқынбай және өзге де ғалымдар мен тіл мамандары кіреді.
Комиссия алдына келесі негізгі жеті міндет жүктеліп отыр:
- қазақ тілінің дұрыс жазу ережесiн, сөзжасам тәсілдерінің бірізділігін қалыптастыру бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеу;
- қазақ тілінің емле ережесінің жобасын тілдерді дамыту саласындағы уәкілетті органға бекітуге ұсыну;
- қазақ тілінің сөздіктерін құрастыруға және басып шығару кезеңділігіне қойылатын талаптарды әзірлеу;
- қазақ тілінің сөздіктері мен анықтамалықтарының тізімін қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
- қазақ тілі сөздіктерінің, анықтамалық құралдардың жобаларын келіп түскен жағдайда орфография нормаларына сәйкестігі тұрғысынан қарау;
- бiр графикалық жүйедегi мәтiндер мен жекелеген сөздердi басқа графикалық жүйенiң құралдарымен әрiппе-әріп арқылы беру мәселелері бойынша ұсыныстарды тұжырымдау;
- Комиссия жұмысын бұқаралық ақпарат құралдарында, Интернет және әлеуметтік желілерде ақпараттық сүйемелдеу.
Еске салайық, Республикалық орфография комисссиясын құру Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында көзделген болатын.