Республикалық маңызы бар 7 мың шақырым жол құрылыс жұмыстарымен қамтылды

25 Шілде 2022, 15:55
1009
Бөлісу:
Республикалық маңызы бар 7 мың шақырым жол құрылыс жұмыстарымен қамтылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жол-құрылыс маусымы аясында республикалық маңыздағы автожолдар желісін қайта жаңарту және жөндеу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. 

Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметі мәлімдеді.

Осылайша, биыл республикалық маңызы бар 7 мыңға жуық шақырым жол құрылыс жұмыстарымен қамтылды. Оның ішінде 4 мың шақырым күре жолда қайта жаңарту жұмыстары жүргізілсе, қалған 3 мың шақырым тас жол орташа және күрделі жөндеу жұмыстарымен қамтылып отыр.

Бұдан басқа, құрылысы ұзаққа созылған әр күре жол қолға алынды. Республикалық маңызы бар автожолдардың ұлттық операторы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ  ауқымды жұмыс атқарды: құрылыс консорциумдарының құрамы қайта қаралды, қосымша келісім-шарт қарастырылды, тас жолдардың құрылысына қажет арнайы техника мен жол қызметкерлері жұмылдырылды. Сондай-ақ уәкілетті органдармен бірлесіп инертті материалдарды тасымалдау мәселелері пысықталды.

Нәтижесінде бірқатар тас жолда жұмыстар қайта жанданды. Мәселен, олардың қатарында «Қарағанды-Балқаш», «Қалбатау-Майқапшағай», «Атырау-Астрахань», «Қазталовка-Жәнібек-РФ шекарасы», «Өнеге-Бейсен-Сайхин» және «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» тас жолдары бар.

Негізгі мақсат — жыл соңына дейін жоғарыда аталған құрылысы ұзаққа созылған жолдардың басым бөлігінде асфальтбетон жабынын қамтамасыз ету. Сонымен қатар, айналма жолдардың санын қысқартуға ерекше назар аударылып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, республикалық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 25 мың шақырымды құрайды.

Өзгелердің жаңалығы