Республикалық бюджет шығысын 18,8 трлн теңге көлемінде айқындау ұсынылды

5 Мамыр 2022, 11:27
1789
Бөлісу:
Республикалық бюджет шығысын 18,8 трлн теңге көлемінде айқындау ұсынылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 2022 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер мен бюджеттік параметрлер болжамын түсіндірді.

Жыл басынан бері ел экономикасының өсуінің оң серпіні байқалған. Жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны қаңтар-ақпан айларда 3,5%-ды құрады. Жыл басынан бері мұнайдың орташа бағасы барреліне 98 долларды құрады. Бұл ретте Дүниежүзілік қаржы ұйымдарының 2022 жылы мұнай бағасы бойынша болжамы 74 доллардан 105 долларға дейін қалыптасып отыр, - деді министр.

Оның айтуынша, макрокөрсеткіштерді нақтылау кезінде мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне 90 доллар деңгейінде айқындалды.

Осыны ескере отырып, ел экономикасының өсу болжамы 3,9%-дан 2,1%-ға дейін төмендетілді. Бұл ретте номиналды жалпы ішкі өнім 91,5 трлн теңге көлемінде бағаланып отыр, бұл мақұлданған болжамнан 4,5 трлн теңгеге жоғары. Ұлттық Банктің болжамы бойынша экспорт 72,2 млрд долларға дейін өседі. Импорт 40,2 млрд долларды құрайды. Инфляция 8-10% аралығында анықталды, - деп айтты Қуантыров Сенатта.

Сонымен қатар министр баяндағандай, түзетілген макроэкономикалық болжамның негізінде бюджет кірістері бойынша болжам нақтыланды. Республикалық бюджеттің кірістері 2022 жылы 10,2 трлн теңге көлемінде бағаланады, бұл бекітілген жоспардан 955 млрд теңгеге жоғары. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшері 4 030 млрд теңгеге дейін, немесе 1 630 млрд теңгеге ұлғайтылады.

Қаражат Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыруға бағытталады. 2022 жылы бюджет тапшылығын 2 978 млрд теңге немесе жалпы ішкі өнімге қатысты 3,3% деңгейінде айқындау ұсынылады. Республикалық бюджеттің шығыстарын түзетілген көлемге қатысты 2,7 трлн теңгеге ұлғайта отырып, 18,8 трлн теңге көлемінде айқындау ұсынылады. 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы шеңберінде 2022 жылға арналған макрокөрсеткіштер мен бюджеттік параметрлердің болжамын нақтылау, бірінші кезекте Мемлекет басшысының тапсырмалары мен қабылданып жатқан шұғыл және жүйелік сипаттағы құжаттардың негізгі бағыттарын іске асыруға бағытталған, - деп толықтырды Ұлттық экономика министрі.

Өзгелердің жаңалығы