Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде вице-министр Берік Қамалиевтың төрағалық етуімен және төтенше жағдайлар бойынша бірінші вице-министр Ибрагим Күлшімбаевтың қатысуымен алқалы жиын өтті.
ZOOM арқылы өткен жиналысқа сондай-ақ, Автомобиль жолдары комитеті төрағасының міндетін атқарушы Сатжан Аблалиев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Ұлан Әліпов, «Қазақавтожол» ЖШС бас директоры Дәурен Қайыпов, Жол активтері ұлттық сапа орталығының бас директоры Замир Сағынов және өңір әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Сонымен, 2020-2021 жылдары қысқы күтіммен автожолдардың 24,8 мың шақырымы қамтылатын болады. Олардың 20,2 мың шақырымы «Қазақавтожол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі болса, 3,9 мың шақырымына қайта жаңарту және күрделі жөндеу объектілеріндегі мердігер ұйымдар жауапты болмақ. Ал 682 шақырымына «Қазавтожол» ұлттық операторына қатысты «Ақылы автомобиль жолдары дирекциясының» филиалы қызмет көрсетеді.
Компаниялар барлық қажетті өндірістік кешендер мен қысқы күтімге арналған техниканы әзірлеп қойған. Көктайғаққа қарсы материалдар да сақадай сай.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі алдағы қысқы маусымға барлық арнайы техника мен көктайғаққа қарсы материалдарды толық дайындауды қадап тапсырды. Ал облыс әкімдіктеріне қолайсыз ауа-райынан туындаған төтенше жағдайларда көліктердің қауіпсіз әрі үздіксіз өтуін қамтамасыз ету жүктелді. Жалпы, республикалық жолдардың қысқы күтімі мәселесі министрліктің басты назарында екенін айтып өткен жөн.