Республикада мүгедектігі бар 100 мың адам жұмыс істейді

5 Шілде 2022, 11:37
1300
Бөлісу:
Республикада мүгедектігі бар 100 мың адам жұмыс істейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді. 

Айтуынша, мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту мәселесі әлі де өзекті.

Бүгінде осындай жүз мың азамат жұмыс істеп жүр. Бұл – еңбек жасындағы мүгедектігі бар адамдардың төрттен бірі ғана деген сөз. Адамның қай топтағы мүгедек екені оның жұмысқа қабілеттілігінің немесе қабілетсіздігінің көрсеткіші болып саналмайды. Мүгедектігі бар екі жүз мыңнан астам адамның қалыпты жағдайда жұмыс істеуге мүмкіндігі бар, қалғаны арнайы жағдай жасалса, жұмыс істей алады, - деп атап өтті министр.

Сондай-ақ ведомство басшысы егер мемлекеттің міндеті «еңбекке қабілетті барлық азаматты нәтижелі жұмыспен қамту үшін оларға бастапқыда тең жағдай жасау» десек, осы қағидат мүгедектігі бар адамдарға да қатысты болуға тиіс деп есептейді.

Сондықтан жобалар аясында мүгедектігі бар тоғыз мың адамды жұмысқа орналастыру көзделген. Бүгінде олардың үш мыңға жуығы тұрақты жұмыспен қамтылған. Электронды еңбек биржасында арнайы Кәсіптер мен оқулардың атласы бар. Бүгінде онда мүгедек адамдар істей алатын 5 мыңнан астам бос жұмыс орны көрсетілген. Сонымен бірге субсидия берілетін әлеуметтік жұмыс орындарын қайта бағдарлау процессі басталып кетті. Бүгінде сол арқылы 6 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты, - деді Тамара Дүйсенова. 

Белгілі болғандай, жаңадан арнайы жұмыс орындарын ашатын жұмыс берушілерді субсидиялау бойынша шаралар іске асуда. 

Тек биылдың өзінде осы мақсатқа бюджеттен 59 млн теңге бөлінді. Осал топтар санатына кіретін азаматтардың кәсіпкерлік бастамасын қолдау үшін 10 мың грант қарастырылды. Грант мөлшері 1,2 млн теңгеге дейін ұлғайды. Жасалған шараларға қарамастан, мүгедектігі бар адамдардың қажетті дағдысы, машығы мен білімі жоқтығы оларды жұмысқа орналастыруға басты кедергі болып отырғанын мойындаған жөн. Осыған байланысты, Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп білім беру бағдарламаларын, әсіресе үйде оқыту бағдарламаларын қайта қарау бойынша шаралар қабылданатын болады, - дейді министр.

Өзгелердің жаңалығы