Бұл туралы ІІМ Күзет қызметін бақылау департаменті басқармасы бастығының орынбасары Серік Құспанов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
БАҚ өкілдері ведомство өкілінен еліміздегі қанша білім ордасы арнайы лицензиясы бар күзет жүйесімен жабдықталғанын, сондай-ақ қаншасы жабдықталмағанын сұрады.
Биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша лицензиясы бар жеке күзет ұйымдарымен 3404 мектеп пен 1371 балабақша қорғалады. Олардың ішінде дабыл сигналы жүйесімен, яғни қорғалатын нысандардан түскен дабыл сигналына шұғыл әрекет ететін топты шақыратын «дабыл» тетігі 2050 мектеп пен 790 балабақшада орнатылған. Қалған нысандарда дабыл сигналы немесе жеке күзет бар. Осы орайда, аумақтық департаменттер ұсынған деректерге сәйкес, республикадағы 6702 мектеп пен 5585 балабақша бар, - деп атап өтті Серік Құспанов.
Сонымен қатар ол мектептер мен балабақшалардың қайсысында лицензияланған күзет барына тоқталды.
Қазіргі уақытта 3298 мектеп пен 4214 балабақша лицензияланған күзетсіз жұмыс істейді. Қалған оқу мекемелеріне (ЖОО мен колледждер – ред.) біз статистика жүргізбейміз. Оқу мекемелерінде лицензияланған күзеттің болмау мәселесін күзет қызметін сатып алу үшін жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражатпен байланыстыру керек. Себебі жеке күзет ұйымдары ақылы түрде жүргізіледі. Бұл мәселемен жергілікті атқарушы органдар, әкімдіктер Оқу-ағарту министрлігімен бірге айналысуы тиіс, - деді Серік Құспанов.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ішкі істер министрлігі 13 ақпанда Петропавл мектебінде орын алған төтенше жағдайдан соң қандай шаралар қолға алынғанын айтқан болатын.