Елордада өтіп жатқан Respublica партиясының V кезектен тыс съезінде партияның тең төрағасы Сырымбек Тау ұйым төрағасы Айдарбек Қожаназаровтың өкілеттік мерзімін ұзарту туралы ұсыныс жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, қолданыстағы төрағаның өкілеттігі биылғы шілде айында аяқталады.
Сырымбек Таудың сөзінше, Айдарбек Қожаназаров партияның негізін қалаған азаматтардың бірі әрі оның қалыптасу кезеңінен бастап даму жолына елеулі үлес қосқан тұлға. Ол жетекшілік еткен уақыт ішінде Respublica қысқа мерзімде елдегі ықпалды саяси ұйымдардың қатарына қосылып, қоғамның сеніміне ие болды.
Айдарбек Асанұлы – партияның негізін қалаушылардың бірі. Оның жетекшілігімен Respublica аз уақыттың ішінде ел сеніміне ие болған беделді саяси күшке айналып, нақты нәтижелерге қол жеткізді, – деді Сырымбек Тау.
Сырымбек Тау Айдарбек Қожаназаровтың кәсіби тәжірибесі мен басқарушылық қабілетіне тоқталып, оның партия мүшелері, өңірлік филиалдар және депутаттық корпус тарапынан кең қолдауға ие екенін атап өтті. Оның пікірінше, төрағаның өкілеттік мерзімін ұзарту партияның тұрақты дамуына мүмкіндік беріп, алдағы стратегиялық міндеттерді дәйекті жүзеге асыруға жағдай жасайды.
Аталған ұсыныс съез делегаттарының қарауына және дауыс беруіне шығарылады. Қабылданатын шешім партияның жаңа саяси кезеңдегі институционалдық әлеуетін одан әрі нығайтуға бағытталмақ.
Еске салайық, елордада Respublica партиясының кезектен тыс съезі өтіп жатыр.