- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Respublica өкілдері жастармен және еңбек ұжымдарымен кездесті
Respublica өкілдері жастармен және еңбек ұжымдарымен кездесті
-
Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
Гүлжан Раманқұлова - BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға тілшісі.
20 Тамыз 2026, 18:18
Астанада Respublica партиясының өкілдері жастармен, өндіріс және медицина саласының қызметкерлерімен кездесіп, қоғамдық-саяси өмірге араласу, отандық өндіріс, денсаулық сақтау, білім, тұрғын үй және әлеуметтік мәселелерді талқылады.
Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров елордалық жас белсенділермен кездесіп, жастардың болашағы, мамандық таңдау, өзін-өзі дамыту және қоғамдық-саяси өмірге араласуы жөніндегі сұрақтарына жауап берді.
Жастардың бірі саясаттан алыс қатарластарын қоғамдық іске қалай тартуға болатынын сұраса, енді бірі саясатқа енді қадам басқан жастарға қандай кеңес берерін сұрады. Кездесуде партия төрағасы жастарды өз күшіне сеніп, бастамадан қорықпауға шақырды.
Өз күштеріңізге күмәнданбаңыздар. "Сендер әлі жассыңдар, араласпаңдар, талпынбаңдар" деген сөзге ермеңіздер. Ешкімге қарамай, өздеріңіз әрекет етіп, байқап көріңіздер. Өзіңізге, достарыңызға, пікірлес азаматтарға сенсеңіздер, алынбайтын асу жоқ. Қолдарыңыздан бәрі келеді, – деді Айдарбек Қожаназаров.
Оның айтуынша, өңірлерге сапарлары барысында көптеген жастармен кездескен. Олардың қатарында жұмысшылар, түрлі сала мамандары мен белсенді жастар бар.
Олар бізге міндет қойып отыр. Бізге сенетін, қолдайтын адамдардың көп екеніне сенеміз. Осы мәселелердің бәрін Құрылтайда көтереміз, – деді партия төрағасы.
Кездесуде жастардың ел ісіне араласуы да сөз болды. Айдарбек Қожаназаров бірнеше жылдан кейін қазіргі жастардың да кандидат болып, қоғамдық-саяси жұмысқа белсене араласатынына сенім білдірді.
Бұдан бөлек, Respublica өкілдері Астанадағы өндіріс орындарының еңбек ұжымдарымен кездесті.
«Алкон Плюс» кәсіпорнында партия өкілдері отандық өндіріс, салық жүктемесі, медициналық сақтандыру, кадр даярлау және тұрғын үй мәселелерін талқылады.
Кәсіпорын 28 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде 150-ден астам ірі жоба жүзеге асырылып, конструкция әзірлеуден бастап орнату мен кейінгі қызмет көрсетуге дейінгі толық циклді өндіріс қалыптасқан. Кәсіпорын алюминий фасадтық және витраждық конструкциялар, терезе, есік, жарық өткізгіш және отқа төзімді жүйелер, қоршаулар және басқа да құрылыс шешімдерін шығарады.
Партия төрағасының орынбасары Олжас Құспеков балалардың қауіпсіздігі, цифрлық гигиена және ата-ана жауапкершілігі мәселелеріне тоқталды.
Өзіңнен бастау керек. Өз сөзіңнен, іс-әрекетіңнен, отбасыңнан, үйіңнен, тіпті аулаңнан. Егер адам өз маңындағы тәртіпті орната алса, ол ел үшін де көп нәрсе істей алады, – деді Олжас Құспеков.
Кездесуде ойын тәуелділігі мәселесі де көтерілді. Нұргүл Тауның айтуынша, елге тәуелділікпен кәсіби жұмыс істейтін мамандар қажет, алайда бүгінде мұндай кадрлар жеткіліксіз.
Сондай-ақ Respublica өкілдері энергетикалық инфрақұрылымға қажетті жабдық өндіретін кәсіпорынға барып, өндіріс барысымен танысты.
Кәсіпорында металл корпустар, 10 және 20 кВ вакуумдық ажыратқыштар мен ұяшықтар шығарылады. Кездесуде отандық өндірісті қолдау, өнімді ішкі нарықта өткізу, экспорт, салық, МӘМС, кадр даярлау және тұрғын үй мәселелері талқыланды.
Тахмина Нағуманова отандық өндірісті қолдау Respublica партиясының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Сіздер жай ғана жұмыс істеп отырған жоқсыздар. Өнім шығарып, адамдарды жұмыспен қамтып, ел бюджетіне үлес қосып отырсыздар. Сондықтан отандық бизнестің мүддесі экономикалық саясаттың өзегінде болуы керек, – деді ол.
Өндіріс саласында 14 жыл жұмыс істеген Бекжан Айтқұлов кәсіпкерлер үшін өнім өндірумен қатар, оны өткізу нарығын табудың да маңызды екенін айтты.
Алдымен ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етіп, кейін экспортқа шығуымыз керек. Сонда жаңа нарықтар ашылып, валюталық түсім артады, – деді Бекжан Айтқұлов.
Кездесулер барысында жас мамандар үшін қолжетімді тұрғын үй, дуалды оқытуды дамыту, кәсіпорындардың маман даярлауға қатысуын арттыру және технологиялық өзгерістерге сай мамандықтар Атласын жаңарту мәселелері де қозғалды.
Бұдан бөлек, Respublica өкілдері «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханаларының жұмысымен танысты.
Зертхана кешені келесі жылы 20 жылдығын атап өтеді. Бүгінде мұнда клиникалық-диагностикалық, молекулалық-генетикалық, ПТР, бактериологиялық, иммуногистохимиялық және хромато-масс-спектрометрия зертханалары жұмыс істейді.
Кешен тәулігіне шамамен 10-13 мың өтінім қабылдап, 35 мыңға жуық зерттеу жүргізеді. Зертханадағы көптеген үдеріс автоматтандырылған. Екі преаналитикалық жүйе сағатына 1 400-ге дейін сынауықты өңдей алады.
Кездесуде денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығы және өңірлердің заманауи диагностикалық жабдықтармен біркелкі қамтамасыз етілуі мәселелері көтерілді.
Respublica өкілдері партияның Парламенттегі үш жылдық жұмысының нәтижелерін де таныстырды. Партия мәліметінше, осы кезеңде оның депутаттары 3 мың түзету ұсынып, 700 депутаттық сауал жолдаған.
Партия бастамаларының қатарында вейпке қарсы шаралар, букмекерлердің көшедегі жарнамасына тыйым салу, микрокредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді шектеу және ағымдағы шоттардағы қаражатқа пайыз есептеу мәселелері аталды.
Ең оқылған:
- «Әзіл шығар деп ойладым»: Ұлдана Мырзуанның күйеуі сотта сол күнгі оқиғаны айтып берді
- Алматыда мыңнан астам жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылуы мүмкін
- «Қызым, қайта хабарласам дедің ғой»: Сотта Ұлдана Мырзуанның анасы жылап қалды
- Теңге неге нығайып жатыр және бұл үрдіс қаншаға созылады? Сарапшылар негізгі себептерді атады
- Талапкердегі қыздарды «орманға алып қашу» оқиғасы: Полиция ресми мәлімдеме жасады