Ресейліктер Путиннің өкілеттігін ұзарту бойынша дауыс береді

1 Маусым 2020, 22:27
1237
Бөлісу:
Ресейліктер Путиннің өкілеттігін ұзарту бойынша дауыс береді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ресей президенті Владимир Путин ел Конституциясына өзгерістер бойынша дауыс беруді 1 шілдеге белгіледі. Бұл туралы ол түзетулерді дайындау бойынша жұмыс тобымен кездесуде жариялады. 

Дауыс беру күнін Орталық сайлау комиссиясы Элла Памфилова да қолдады. Оның сөзінше, дауыс беру жұрт көп жиналмас үшін негізгі белгіленген уақыттан алты күн бұрын басталады. Памфилова екі-үш аймақта дауыс беру электронды түрде қашықтан өтетінін айтты.

Путин дауыс беруді 24 маусымда өткізу ұсынылғанын, бірақ шараны Жеңіс күні парадымен қатар қойғысы келмегенін жеткізді. Егер дауыс беру алты күн бұрын басталса, алғашқы күн 25 маусымға келеді.

Роспотребнадзор басышсы Анна Попова "коронавирус жұқтырғандардың темпі азайып, эпидемияның ең қиын шағы артта қалды" деп, дауыс беруді 1 шілдеде өткізуге келісті.

Конституция бойынша өзгерістерге дауыс беру 22 сәуірге белгіленген. Бірақ коронавирус пандемиясынан кейін кейінге қалған. 20 мамырда Орталық сайлау комиссиясы дауыс беруге дайындықты бастап кетті.

  • Путин Конституцияны өзгерту туралы ұсынысты қаңтарда жасаған. Ол заң талап етпесе де, өзгерісті бүкіл халықтың дауысына салатынын мәлімдеген.
  • Егер өзгеріс мақұлданса, Ресей Конституциясы барлық халықаралық заңнан жоғары тұрмақ. Президенттің осыған дейінгі мерзімдері толық жойылады. "Бір президент қатарынан екі мерзімнен артық сайлануға болмайды" деген сөйлем алынады. Яғни, Путиннің сайлауға түсуіне жол ашылады. Президент өкілеті арта түседі.
  • Өзгерісте Құдайға сенім, неке деген әйел мен еркектің одағы екені көрсетілген. Ал орыс тілі "мемлекетті құраушы халықтық" тілі деп аталған.
  • Өзгерісті Федерация кеңесі, Мемлекеттік дума мақұлдаған. Енді өзгеріске халықтың жартысынан көбі қолдап дауыс беруі тиіс.
  • Ресейлік бірқатар оппозициялық саясаткерлер дауыс беруге бойкот жариялауға шақырады. Олардың пайымдауынша, билік дауыс беруді бұрмалайды. Кейбір оппозициялық саясаткерлер қарсы дауыс беру керек деп санайды.
Өзгелердің жаңалығы