Ресейдің тәжірибесін қайталаудың қаншалықты қажеті бар? – Сенатор

1 Маусым 2023, 16:13
583
Бөлісу:
Ресейдің тәжірибесін қайталаудың қаншалықты қажеті бар? – Сенатор
Фото: ҚР Сенатының баспасөз қызметі

Сенатор Әли Бектаев еліміздегі қант өндірісіндегі мәселелерді көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Премьер-министрге жолдаған сауалында отандық қант нарығындағы жағдайды көтерді.

Қанттың бағасы немесе жетіспеушілігі тұрғындардың қалтасына және көңіл-күйіне тікелей әсер етеді. Шекердің бағасы 2020 жылмен салыстырғанда екі есеге қымбаттаған. Бұл өз кезегінде халықтың тұтынатын басқа да тауарларының бағасына әсер етіп жатыр. Елімізде отандық шикізаттан өндірілген қанттың көлемі жалпы тұтынудың 10%-ынан аспайды, - деп айтты сенатор.

Сөзінше, соңғы жылы Ресейден 316 мың тонна қант әкелінген. Бұл еліміздегі қант импортының 64%-ын құрайды. Өзімізде өндірілетін қант көлемі соңғы 20 жылда 55%-ға төмендеген.

Осы уақыт ішінде ұлттық өндірісті дамытып, қант шикізатына тәуелділікті азайту үшін қабылданған шаралар тиімсіз болды. 2021 жылы отандық шикізаттан шекер өндіруді 121 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланғанымен іс жүзінде 39 мың тонна ғана өндірілді. Ал 2022 жылы 22 кыркүйекте Үкіметтің қаулысымен қабылданған қант саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспарда қызылшаның егіс көлемін 38 мың гектарға дейін ұлғайтып, қант өндірісінің көлемін 7 есеге арттыру жоспарланған, - деп айтты ол.

Сенатордың айтуына қарағанда, бұл мақсаттарға 495 млрд теңге қажет.

Бір қызығы, бағдарламада қант өндірудің баламалы жолдары қарастырылмаған. Тек қызылша қантын өндіру арқылы Ресейдің тәжірибесін қайталаудың қаншалықты қажеті бар? Тағы да 20 жыл бойы тек қызылшаға иек артып отыратын бізде уақыт та жоқ, - деп айтты Әли Бектаев.

Сенатор ел тұтынатын 650 мың тонна қанттың жартысына жуығын дәнді жүгеріден алуға болатынын айтты. Сөзінше, ол үшін қазіргі дәнді жүгерінің егіс алқабын 25-30 пайызға ұлғайту қажет.

Ғалымдардың зерттеуінде дәнді жүгерінің 1 гектарына кететін өндірістік шығыны 400 мың теңге, қант қызылшасына кететін шығын 850 мың теңге.

Үкіметтің қант саласын дамыту жөніндегі 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын қайта пысықтап, әр өңірде құрамында крахмал сірнесі бар дақылдарды терең өңдеуді дамыту мүмкіндігін қарастыру қажет деп санаймыз, - деді сенатор Әли Бектаев.

Өзгелердің жаңалығы